Дүние-ай… Алмағайып заманның аумалы-төкпелі шағында адам дегенің түрлене береді екен ғой. Бағың тайса, балаң да, қойныңдағы қатының да қарайласпай қалады. Бұл айтпағымыз басымыздың базынасы емес, айналамыздан байқағанымыз сол. Дос дегенің – дұшпан, қас санағаның – сенімді серігіңе айналады-мыс. Қазекең мұндайда: «Бірде бие, бірде түйе,» – дейтін еді. Қырық құбылып, жүз жалтарып, мың айныған адамдар-ай…

Кім мәңгілік?! Бес күнін пешенесінен тілеген тіршілік иесінің ғұмыры бір күні, бір сәтте-ақ түгесілетіні белгілі. Табиғатың да сарқылар, қиынды да, жеңілді де уақыт өзгертер. Бір мәңгі нәрсе болса, ол – адамның адамға деген қатынасы, ақ адал сенімі һәм сезімі яки құрметі шығар дейтін едім. Жалған, жансақ пікір екен… Мұның өзі төбеңді күн шалған шақта аяқталады.

Амал дос пен арам қастың арасы – бір-ақ қадам. Бұл күнде олсыз күн көре алмайтын адамың ертең-ақ ұмыт қалдырмайды ма?! Мәңгілік дос деген кімдер? Қан үстінде серттесіп, сенімге селкеу түсірмей, бақиға дейін бірге баратын кім бар? Ешкім!

Ұлы сөзде ұят жоқ, кезінде бір «жанашырсымақ» ағамның айтқаны бар еді. «Түптеп келгенде, көттесіңнен басқа ешкімге керек емессің,» – дейді әлгі. Оның өзі де нақты емес. Тағы бірде халқымыз: «Балапан басына, тұрымтай тұсына,» – деп отырады. Тіршілік қысып, там-тұмдап теріп жеп жүргенде, бір туған жақыныңның өзі жатқа айналмай ма?!

Ағайыннан ада қалсақ, туғаның теріс айналса, досың дүмше болса, бізде кім қалды, біз кімде қалдық?! Сонда жалпы жаратылыс жалқы болғаны ма? Өмір-ай, өмір-ай, өтесің-ау, ол – ақиқат. Біз қалай өтер екенбіз?!

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ,

журналист

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *