Қызылордада «Ассамблея жастары» турнир өткізді
Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ассамблея жастары» ұйымының бастамасымен Сәкен Сейфуллин атындағы №4 орта мектептің спорт залында жастар арасында волейболдан тартысты турнир өтті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Шараға түрлі этнос өкілдерінен құралған жастар мен «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қатысты. Бұл спорттық дода – жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған игі бастама болды.
«Ассамблея жастары» ұйымының төрағасы Елена Пак турнирдің негізгі мақсатын атап өтті.
«Жастардың бос уақытын пайдалы әрі қызықты өткізуіне жағдай жасау аса маңызды. Мұндай мәдени-спорттық, зияткерлік шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады», дейді ол.
Жарыс барысында командалар өз шеберліктерін танытып, жеңіс үшін барын салды. Тартысты бәсекеде:
1 орынды – «Ассамблея жастары» командасы,
2 орынды – «Черный ворон»,
3 орынды – «ДосStar» командалары жеңіп алды.
Жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл турнир – этносаралық татулық пен бірлікті нығайтып, жастарды спортқа баулудың тамаша үлгісі болды.
Фото:Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы