Аналар қамқорлығы — бала болашағына бастар жол
Бүгін Қызылордада Республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталыққа арнайы барып, ондағы қызмет алушылармен кездесті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Орталық директоры Жандос Түсмағамбетов меймандарға атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, статистикалық мәліметтермен бөлісті. Оның айтуынша, жыл басынан бері орталық 128 адамға әлеуметтік қызмет көрсеткен. Алайда, өкінішке орай, қызмет алушылардың 8 пайызы – орталыққа қайта келуге мәжбүр болады екен. Қазіргі таңда орталықта 12 ана мен 28 бала уақытша тұрып жатыр. Жандос Түсмағамбетовтің айтуынша, мекеменің басты мақсаты – отбасындағы дау-дамайларды шешіп, отбасыны қайта біріктіруге көмектесу.
Аналар кеңесінің мүшелері орталықта орналасқан аналармен кездесіп, ашық пікір алмасып, оларға қолдау көрсетті. Кездесу барысында Баян Орынбасарқызы: «Сіздердің ішкі жан дүниелеріңіз – балаларыңыздың дұрыс қалыптасуына тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір шешім мен әрбір қадам тек сіздердің ғана емес, балаларыңыздың болашағына да ықпал етеді. Жауапкершілік жоғары. Осы қиындықтарды еңсеріп, жаңа өмір бастауға сенім мен күш тілеймін», деп жүрекжарды тілегін жеткізді. Сонымен қатар, ол орталықтың маңызды миссиясын ерекше атап өтіп, ұжым жұмысына сәттілік тіледі.
Қызылорда облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Айгүл Мұсабаева еліміз бойынша мұндай арнаулы орталықтардың тек екі өңірде ғана жұмыс істейтінін айтып өтті. Оның айтуынша, бүгінгі іссапардың басты мақсаты – балаларды мерекемен құттықтап, оларға рухани және моральдық қолдау көрсету.
Аналар кеңесінің өзге де мүшелері орталықтағы аналар мен балаларға ақжарма тілектерін білдіріп, олардың болашақта қиындықты артта қалдырып, жарқын өмір сүруіне тілекші екенін жеткізді.
Сондай-ақ, «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Дәулет Омаров орталық директоры Жандос Түсмағамбетовке атқарылып жатқан игі ісі үшін алғыс білдіріп, жұмысына табыс тіледі.
Шара соңында арнайы шақырылған аниматорлар балалардың көңіл-күйін көтеріп, түрлі ойындар ұйымдастырды. Тәттілер мен сыйлықтар тарту етіліп, мерекелік көңіл-күй сыйланды.
Фото: Қызылорда облыстық «Қоғамдық келісім» КММ