Торғай жері – тұлғалар мекені. Батыр мен ақынды, дана мен данышпанды, би мен шешенді, жазушылар мен көсемдерді туған өлке. Торғай халқы бір ғана Ахмет пен Міржақыппен мақтанса да жеткілікті.

Торғай — ақындар мектебі. Ұрпақ сабақтастығы күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Осы тұрғыда мәдениет бөлімінің және мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Торғай – тұлғалар мекені» атты поэзия фестивалі өтті.

Бірінші күні мәртебелі меймандарды қазақтың салт-дәстүрі бойынша кіре беріс қақпадан қарсы алып, балдай қымыз бен ыстық бауырсақ ұсынды. Мәдениет үйінің өнерпаздары ән-шашумен қарсы алды. Екінші күн мәдениет үйіндегі поэзия фестивалімен жалғасты. Кеш қонақтары жазушы Қойшығара Салғараұлы, ақын Серікбай Оспанов, жазушы Амангелді Кеңшілікұлы, ақын Мұхарбек Жәкейұлы, ақын Абылай Мауданов, ақын, сазгер Марғұлан Оспанов сахна төрінен орын алды. Кеш тізгінін қолына алған ақын, аудармашы Абылай Фазылханұлы әсерлі кештің шырайын келтірді. Таңжарық Ниязбектің ақын-жазушыларға арнаған жыр жолдарын мектеп оқушылары оқып, шараның сәнін келтірді.

Аудан әкімі Дінмұханбет Бидашев меймандарға жылы лебізін арнады. Сонымен қатар, Қойшығара Салғараұлына Жанкелдин ауданының «Құрметті азаматы» атағын салтанатты түрде табыстап, тұлпар сыйлады. Басқа да кеш қонақтарына алғыс хат тапсырып, иықтарына шапан жапты. Сондай-ақ, 80 жасқа толған Серікбай Оспанұлына ат мінгізді. Таңжарық Ниязбек айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиевке арнауын арнады. Кештің қадірлі қонақтары өздері жайлы қысқаша баяндап, жүрекжарды жырларын оқыды. Ақын Мұхарбек Жәкейұлымен еріп келген қонақтар да жырдан шашу шашты. Олар да сый-сияпаттың егесі атанды. «Ақбата» шайханасында түскі қонақасы берілді.

Түстен соң «Мерген» саябағында поэзия фестивалі қайта жалғасын тапты. Ақын Ғафу Қайырбековтың ескерткішінің қасында ағынды теңіздей жырлар оқылды. Артынша аудандық мәдениет үйінде тетар әртістерінің дайындаған «Оян, Қазақ» қойылымын тамашалады. Шилі ауылдық округінің әкімшілігі арнайы киіз үйде меймандарға қонақасын берді. Үлкен кісілердің ықыласына бөленіп, ақ батасын алды. Орталық алаңдағы дала сахнасында мерекелік концерт жалғасты. Осылайша қасиетті Торғай жерінде әдебиет пен мәдениет табысқан күн болды. Бұл шара болашақта тарих бетінде алтын әріппен жазылатын болады. Себебі, Торғай даласы – қазақты оятқан өлке…

Бай-АХМЕТ, Торғай даласы

 

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *