Қызылорда облысы Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек баспасөз жиынын өткізді, — деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты. Онда Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық өсімі,  инфрақұрылымдарды жаңғырту, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының даму динамикасы сөз болды.   Толығырақ төменде тарқата айтамыз.

Бюджет пен қаржы

2025 жылы ауданның бастапқы бюджеттік жоспары 12,2 млрд теңге көлемінде бекітілген болатын. Бірінші жартыжылдықта екі мәрте нақтылау жүргізіліп, бюджет 21,1 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Бұл – 8,9 млрд теңгеге немесе 73,4% өсу.

Ауданның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға айтарлықтай қаржы бөлініп отыр. Мысалы, ІІІ-Интернационал, Алдашбай Ахун және Ақжар елді мекендеріндегі тұрғын үйлер секторының инфрақұрылымы 330 миллион теңгеге жуық қаржыландырылуда. Сонымен қатар, Иіркөл, Төребай би және Дүр Оңғар ауылдарында газ тарату желілері салынуда, жалпы сомасы бірнеше миллиард теңгені құрайды. Байқоныр қаласында 50-пәтерлік бес тұрғын үйдің құрылысына 1 миллиард теңге бөлінген.

2025 жылы ауданның өз кірістері 2 млрд. 283 млн. теңге болып бекітіліп, 6 ай қорытындысымен 411,8 млн. теңгеге ұлғайтылып, 2 млрд. 694,8 млн. теңгені құрады,- деді аудан әкімі.

Макроэкономикалық көрсеткіштер оң динамикада

2025 жылдың қаңтар-маусым айларында аудан экономикасының барлық салаларында өсу байқалды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 118,7%, өңдеу өнеркәсібі – 118,6%, ауыл шаруашылығы өнімі 101,8%, инвестициялар 103,1%, құрылыс жұмыстары 109,1% жетті. Тұрғын үйді пайдалануға беру 119%-ға артты, бөлшек сауда көлемі 102,3%-ды құрады.

Ауыл шаруашылығы — аудан экономикасының іргетасы

Қармақшы ауданының негізгі секторы саналатын ауыл шаруашылығы саласында да оң нәтижелер бар. Биыл 25 654 гектар егістік егілген, оның ішінде күріш басымдықта – 13 мың гектар. Басқа да дақылдар мен мал шаруашылығы бойынша көрсеткіштер артқан. Мүйізді ірі қара 132,2%, қой мен ешкі 108,4%, жылқы 106,6%, үй құстары 111% өсім көрсетіп отыр.

Баспасөз жиынында егін шаруашылығының да жай-жапсары баяндалды.

2025 жылы ауданда 25 654 гектар егіс егілді.

Оның ішінде: 13 097 гектар – күріш, 1000 гектар – жаздық бидай, 1200 гектар – мақсары, 2 гектар — күнбағыс,                              8950 гектар – жоңышқа, 39 гектар – сүрлем жүгері,                              56 гектар – судан шөбі, 1180 гектар – картоп, көкөніс, бақша дақылдары.

2025 жылы Қармақшы ауданы бойынша су лимиті                 509 млн.м3 болса, бүгінгі уақытқа дейін 329 млн.м3 су егістікке алынып, су лимитінің 65,0 пайызы пайдаланылды,- деді Ж.Еркінбек.

Кәсіпкерліктің дамуы

Аудан экономикасының маңызды бағыты — шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Биылғы жылы 3 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, олардың 95%-ы белсенді қызмет көрсетуде. Мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында 33 жобаға 772 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, оның ішінде ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету салалары қамтылған.

Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтағы 48 азаматқа қайтарымсыз гранттар беріліп, жаңа кәсіптерді бастауға мүмкіндік жасалды.

Білім беру саласында ілгерілеу

Қармақшы ауданында білім беру саласы да үздіксіз дамуда. 2024-2025 оқу жылында 14 928 оқушы білім алуда. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқандардың 90%-ы тапсырды, оның ішінде 54 түлек «Алтын белгі», 48 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Облыс бойынша ең жоғары 138 баллды екі оқушы жинады.

Аудан мектептерінде республикалық және облыстық олимпиадаларда жүлделі орындар көптеп иеленіп, білім саласындағы жетістіктерімен көзге түсті.

Сонымен қатар, үш орта мектеп пен бір бөбекжай-бақшада жөндеу жұмыстары жүргізілуде, бес мектеп жанында спорт алаңдары жаңартылуда.

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне аудан бюджетінен ғимарат сатып алынып, қызмет сапасы артты.

Әлеуметтік сала

Халықты жұмыспен қамту – ауданның басты міндеті. 2025 жылдың 6 айында «Мансап орталығына» 3131 адам хабарласып, оның 389-ы бос жұмыс орындарына тұрақтады. Ал жыл соңына дейін аудан бойынша 2667 жаңа жұмыс орны ашу жоспарланған, бүгінде 1006 жаңа жұмыс орны іске қосылды (жоспар 37,7% орындалды).

Елге келіп, еңбек етемін деген жастарды қолдау да қарқын алған.

2025 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 65 жас маманға 25,5 млн. теңгенің көлемінде көтерме жәрдемақы төленді.

Сондай – ақ, 35 жас маманға құны 320,5 млн. теңгеге тұрғын үй алуға несие беру жоспарлануда.

Аудан бойынша 2025 жылы бюджеттен тыс демеушілер есебінен көмекке мұқтаж 2  азаматқа 15,0 млн. теңгеге                 тұрғын-үй сатып алып берілсе, 534 адамға 3,2 млн. теңге көлемінде азық-түлікпен және басқа да көмектермен қамтамасыз етілді,- деді аудан әкімі.

Әлеуметтік қолдау шаралары аясында 127 отбасының 669 мүшесіне жалпы 34,7 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек төленді. 110 отбасының 194 баласына (1-7 жас аралығында) 4,5 млн теңгеге жуық көмек көрсетілді.

Жұмыссыздардан 11 адам тұрақты немесе қоғамдық жұмысқа орналастырылып, жастар тәжірибесі мен қоғамдық жұмыстарға мыңнан астам азамат жіберілді.

2025 жылдың 1 шілдесіне 529 отбасыға коммуналдық қызмет шығындарына 31 млн теңгеден астам қаржы төленді. Мүгедектерге арнайы құрал-жабдықтар беріліп, «Инватакси» қызметі арқылы 126 адамға көлікпен қолдау көрсетілді.


Спорт саласы

Аудандық спорт саңлақтары да байрақты бәсекелерде көш бастап жүргенін айтқан абзал. Иә, 2025 жыл Қармақшы ауданы үшін спорттық жеңістерге толы болды. Жерлестеріміз Қазақстан Республикасының түрлі деңгейдегі чемпионаттарында 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алса, Азия чемпионатында 3 алтын, әлем чемпионатында 1 қола медаль иеленді.

Айрықша жетістіктерге ауыр атлетикадан Ерасыл Сәулебеков жетті: әлем чемпионатында қола, Азия чемпионатында алтын жүлде алды. Алыш күресінен Назерке Әбілтаева Үндістандағы Азия чемпионатында екі бірдей І орынды жеңіп алды.

Сонымен қатар, 31 спортшы спорт шеберлігіне үміткер дәрежесіне ие болды.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақай ауылындағы дене-шынықтыру кешені пайдалануға беріліп, аудан бойынша бірнеше спорт алаңдары мен ойын орындары құрылуда. Төретамда футбол алаңы салынуда, Жосалы мен Ақжар ауылдарындағы спорт алаңдары жаңартылуда.

Сонымен бірге, аудан орталығындағы дене шынықтыру сауықтыру кешені күрделі жөндеуден өтуде. Ал ұлттық спортты дамытуға бағытталған «Ипподром» құрылысы Ақтөбе ауылында қолға алынып, күзде аяқталуы жоспарлануда.

Бұқаралық спортты дамытуға бизнес өкілдері де бейіл.

Ұлттық спортты дамыту мақсатында ауданда алғашқы рет демеушілер есебінен «Ақтөбе и К» ЖШС-нің қолдауымен Ақтөбе ауылында жалпы құны 80,0 млн. теңге болатын «Ипподром» құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары күз айларында аяқталады деп болжамдалуда,- деді аудан әкімі.


Мәдениет саласы

Ауданның мәдениет саласы тұрақты дамуда. Қармақшыда 34 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетеді, олардың құрамында мәдениет үйлері, жыраулар үйі, кітапханалар және клубтар бар. 2025 жылдың алты айында мәдени ұйымдардың үйірмелері республикалық, халықаралық және облыстық байқауларға қатысып, көптеген жүлделерге ие болды.

Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында 1239 мәдени шара ұйымдастырылып, 85 мыңнан астам көрерменді қамтыды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік шаралар аясында Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевқа мемориалдық белгі орнатылып, танымдық конференция өткізілді.

Қызылорда қаласының астана болуына 100 жыл толуына орай облыстық өнер байқауында Қармақшының өнер ұжымдары жүлделі І орынды жеңіп алды.

Сонымен қатар, ауданның танымал опера әншісі Әйгерім Алтынбек Италияның әйгілі «Ла Скала» театры академиясында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.

Аудан аумағында 84 тарихи және мәдени ескерткіш мемлекет қорғауында, олардың 6-сы республикалық маңызға ие. Қармақшы ауданында «Руханият орталығы» құрылысы аяқталып, халыққа қызмет көрсетуде. Мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 27,3 млн теңге бөлініп, заманауи құралдар сатып алынды.

Қармақшы ауданының аумағында елді мекендерді газбен, электрмен, ауыз сумен қамтамасыз ету және жол инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Газдандыру саласы

Ауданның Дүр Оңғар ауылына жалпы құны 7,17 млрд. теңге болатын газ тарту жобасы жүзеге асырылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «МБК Құрылыс» ЖШС жүргізуде. 2024 жылы облыстық бюджеттен 1,7 млрд. теңге бөлініп, ал 2025 жылдың шілдесінде Ұлттық қордан 5,2 млрд. теңге қаржы бөлу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта мердігер компаниямен қосымша келісім-шарт жасалуда. Жоба аясында 86,9 шақырым газ құбыры және 3 газ реттегіш шкафты пункті орнатылады.

Сонымен қатар, Иіркөл және Төребай би ауылдарына газ желілерін тарту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, облыстық бюджеттен 643,4 млн. теңге қаржы бөлінді. Қазір мемлекеттік сатып алу процестері жүргізілуде.

Аудан халқының 78%-ы табиғи газбен қамтылған. Газбен қамтылған елді мекендерде тұратындардың саны 40 мыңнан асады.

Электр желілері

Қармақшы ауданында электр желілерінің ұзындығы 931 шақырымға жетіп, 146 трансформатор жұмыс істейді. 2024-2025 жылдары төрт нысанға электр желілерін тарту аяқталып, Ақтөбе және Көмекбаев ауылдарында пайдалануға берілді. Иіркөл мен Дүр Оңғар ауылдарында құрылыс жұмыстары жалғасуда.

Облыстық бюджет есебінен Ақжар, ІІІ-Интернационал, Алдашбай Ахун ауылдарының электр желілерін қайта жаңғыртуға 848,1 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу басталды. Жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Аудандағы ағайынды сапалы ауыз сумен қамту ісі ді ілгерлеп, тұрғындар таза тіршілік көзін тұтынып отыр. Бұл жайлы аудан әкімі айтты.

Аудан бойынша барлық елді – мекен тұрғындары орталықтандырылған ауыз — су жүйесіне қосылған.

Елді мекендер халқын тұрақты ауыз сумен қамту мақсатында биылғы жылы Ақтөбе және Ақжар ауылдары орналасқан су насостарының тозығы жетуіне байланысты         2 дана ұңғыма насосын сатып алуға аудандық бюджеттен                 1,2 млн.теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде, деді Ж.Еркінбек.

Жол инфрақұрылымы

Аудан көлеміндегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 155,3 шақырымды құрайды, оның 148,8 шақырымы асфальтты. Жолдардың барлығы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Аудан орталығы мен барлық ауылдық округтер арасындағы жолдар толықтай тас жолмен қамтамасыз етілген.

2025 жылы жолдарды жөндеу және күтіп ұстауға республикалық, облыстық және аудандық бюджеттен барлығы 1,57 млрд. теңге бөлінді. Ірі жобалардың қатарында Ақжар ауылындағы Абай Құнанбаев көшесінің жаңа құрылысы және Төретам-Ақай айналма жолының күрделі жөндеуі бар.

Сонымен қатар, Қызылтам ауылына кіреберіс жолдың жаңғырту жұмыстары 741 млн. теңгеге жоспарланып, биыл тамыз айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жосалы кентіндегі екі көшеге күрделі жөндеу жүргізіліп, жалпы 233,8 млн. теңге қаржы бөлінді.

Облыстық және аудандық бюджеттерден бірқатар ауылдардың көшелеріне орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2025 жылы жаяу жүргіншілер жолдарын салу бойынша да бірнеше нысандарға қаржы бөлініп, құрылыс басталды.

Әлеуметтік сала мен тұрғын үй құрылысы

2025 жылы әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 750 млн. теңге қаржы бөлініп, 50 пәтерлік 25 тұрғын үй сатып алу жоспарлануда. Байқоңыр қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 50 пәтерлік бес тұрғын үйдің құрылысына облыстық бюджеттен 1,02 млрд. теңге және аудандық бюджеттен 96,7 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау жобасы да қарқынды жүзеге асырылуда. Аудандық бюджеттен бұл бағытқа 260 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді.

Абаттандыру және қоғамдық жұмыстар

Жосалы кентінде көгалдандыру, су себу және саябақтарды жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Тағзым алаңын» абаттандыруға 428 млн. теңге бөлінді. Ақай ауылдық округінде бес автобус аялдамасы орнатылуда.

2024 жылы ауданға бекітілген 14,6 млрд. теңге көлеміндегі бюджет нақтылау нәтижесінде 18,5 млрд. теңгеге дейін ұлғайып, 2025 жылы тағы 21,1 млрд. теңге көлеміне жетті. Бұл қаржы халық тұрмысын жақсартуға және инженерлік инфрақұрылым объектілерін дамытуға бағытталуда.

Инженерлік-инфрақұрылымды дамыту бойынша 2024 жылы 985,7 млн. теңге қаржы қаралса, биылғы жылдың 1 жартыжылдығымен 983,2 млн. теңге қаржы қаралды

2024 жылы халықты тұрғын үймен қаматамасыз ету бойынша 2024 жылы 2 313 млн. теңге қаржы қаралса биылғы жылдың 1 жартыжылдығымен 750,1 млн. теңге қаралды.

Автомобил жоолдары бойынша 2024 жылы 2 млрд. 175 млн. теңге қаржы қаралса, биылғы жылдың 1 жартыжылдығымен 1 млрд. 782 млн. теңге қаржы қаралды.

Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту бойынша 2024 жылы 768,7 млн. теңге қаржы қаралса, биылғы жылдың 1 жартыжылдығымен 260,2 млн. теңге қаржы қаралды.

Аудан бюджеті қаражатының басым көпшілігі халыққа қажетті инженерлік инфрақұрылыс, жол жөндеу және әлеуметтік нысандар салуға бағытталуда.

Халықтың қауіпсіздігі де қаперден тыс қалған жоқ. Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізілуде.

Жастар арасында құқық бұзушылықтың, оның ішінде топтық  төбелестің алдын алу бағытында күнделікті түнгі мезгілде Жосалы кентін аралау үшін жұмысшы тобы құрылған. Жұмысшы топтың құрамына құқық қорғау органдарының, білім бөлімінің, мемлекеттік мекемелерді қызметкерлері енгізілді,- деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне қызметтік міндеттерді тиімді орындау және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында 2 дана «Jak S3» қызметтік автокөлігі берілді.

Сондай-ақ, «Ветеринария» саласының қызметкерлері күніне орай «ветеринариялық станция» қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңадан 2 дана «Lada 4х4» автокөліктері табысталды.

Алдағы кезеңдерде Президент Жолдауын, мемлекеттік, салалық бағдарламаларды, облыс әкімінің іс-қимыл жоспарын назарға ала отырып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын жүзеге асыра беретін боламыз.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *