ҚЫЗЫЛОРДА: «ДАЛА КҮНІ – 2025»: КҮРІШКЕ АЛҒАШҚЫ ОРАҚ САЛУ РӘСІМІ ӨТТІ
Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен Жалағаш ауданы Т.Жүргенов ауылында «Дала күні – 2025» күрішке алғашқы орақ салу рәсімі өтті. Оған департамент, басқарма, инспекция басшылары, аудан әкімдері, облыстың зиялы қауымы мен шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты. Облыс әкімі еңбеккерлерді егінге орақ түсуімен құттықтап, атқарылған жұмыстарды атап өтті.
«Бұл – диқандардың еккен бір дәні мың дән болатын, халықтың ризық- несібесін қамбасына құятын жауапты да салтанатты шағы. Биыл облыс бойынша 186 600 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, оның ішінде күріш көлемі 80 900 гектар болды. Соңғы жылдардағы су тапшылығының кері әсерін Сыр диқандары қатты сезініп келеді. Осы жылы вегетациялық кезең өте күрделі жағдайда өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Үкімет басшысы Олжас Абайұлының, Үкімет мүшелерінің бастамасымен Сырдария өзенінің жоғарғы ағысындағы мемлекеттермен дер кезінде келіссөздер жүргізіп, үлкен қолдау жасалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет резервінен 53 жылжымалы-дизельді насос алуға 1 млрд. теңге бөлініп, насостардың алғашқы легі жеткізіліп, шаруалар игілігіне пайдаланды. Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің барлық өңірінен 139 қызметкерден құралған жеке құрамды, 25 дизельді қондырғыны көмекке жеткізіп, екі ай бойы су тапшылығы қалыптасқан аумақтарда уақытпен санаспай жұмыс атқарды.
Аймағымызда арнайы жұмыс топтары құрылып, суды тиімді пайдалану мақсатында егістікті кезектесіп суару мен қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалануды жолға қойдық. Осындай қиындықтарға қарамастан, күріш көлемін барынша шығынсыз сақтауға қол жеткіздік. Дер кезінде қабылданған батыл шешімдер мен жүргізілген келіссөздердің арқасында егіс алқаптары сумен қамтамасыз етілді.
Осы сәтте, Президентімізге, Үкімет басшысына, құрметті Нұржан Молдиярұлы, Сізге және Сіз басқаратын ұжымға, Ауыл шаруашылығы, Төтенше жағдайлар министрліктеріне көрсетілген барлық қолдау үшін Сыр жұртшылығының атынан зор алғысымызды, шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Құрметті егінші қауым, баршаңыздың еңбектеріңізге сәттілік тілеймін! Алдағы «Алтын дән» мерекесінде зор табыстармен кездесейік!», – деді Н.Нәлібаев.
Мерекелік шарада Нұржан Нұржігітов диқандарды құттықтап, вегетациялық кезеңдегі күрделі жағдайға қарамастан жақсы жетістікке жеткеніне ризашылығын білдірді. Қызылорда облысының құрметті азаматы Бекмырза Еламанов бата берді.
Басқосуда ала жаздай маңдайы күнге, табаны құмға күйген мәртебелі еңбек адамдары марапат төрінен көрінді. Атап айтсақ, бірқатар азаматқа Премьер-министрдің Алғыс хаты, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, Құрмет грамотасы, министрдің Алғыс хаты, Су шаруашылығы және ирригация министрлігінің «Су шаруашылығы саласының ардагері» төсбелгісі, Құрмет грамотасы табысталды. Сонымен қатар, салтанатты шарада Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталғандар да құрметке бөленді. Жиында ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі ұйымдастырылып, ауылдың тыныс- тіршілігін бейнелейтін қойылымдар көрсетілді.
Айта кетейік, Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты Сыр өңірінің егін шаруашылығында әртараптандыру жұмыстары жанданып, су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі