Адамзат тарихында садақ қару ретінде палеолит дәуірінің аяғында пайда болған. Ауа-райы өзгеруінің салдарынан ірі жануарлар солтүстікке қарай кетуіне және олардың азаюына байланысты адамдар ұсақ жануарларға аңшылыққа көшкен. Ол үшін енді тастан және ағаштан жасалған балта, найза секілді қару тиімсіз болып адамдар садақ қаруын ойлап тапқан. Алғашқыда садақты қарапайым ағаштан дайындайтын болған. Жебенің ұшы тастан немесе сүйектен жасаған. Кейін, адамның ой-өрісі дамуына байланысты бұл қару түрі де дамытылып отырған. Алғашқы өркениетті мемлекеттер пайда болып, олар империяларға айнала бастағанда, өзге елді жаулау мақсатындағы соғыстарда садақ маңызды және негізгі қару қатарына қірген. Әр өркениет даму барысында ондағы бұл қарудің түрі, формасы және жасалатын материалы да әртүрлі болған.

    Бүгінде тарихшылар «ағылшын» садағы деп жалпы ортағасырлық европалықтарға тән, ұзындығы 1,8 – 2 метірге жуық сол өңірде өсетін қатты ағаштардан жасалатын қарапайым садақты атайды. Бұл садақ түрін соғыс барысында жаяу әскерлер пайдаланған.

         Евразия құрлығында көшпенділердің пайдаланған «Скиф» (Сақ) садағы деп аталады садақ түрі кең тараған. Бұл күрделі – құрама садақ аттылыға ыңғайланып 50 – 60 см размерлі болған.

         Жапон аралдарында өсетін негізгі ағаштары бамбук болғандықтан, ортағасырлардан бері осы ағаш түрінен садақшы ұсталар ұзындығы 2 метірден асатын «Юми» деп аталатын садақ жасаған.

         Қазақ тарихына келіп тоқтайтын болсақ, бұл қару түрін қазақ жауынгерлері ХІХ ғасырдың аяғына дейін пайдаланып келді. Әрине, бұл қаруды ата – бабаларымыз тек соғыста ғана пайдаланған жоқ, күнделікті тіршілігінде, бейбіт күндерде бұл қару түрі аңшылықта да маңызды рөл атқарды.

          Қазақ, баласына жастайынан садақ атуды үйрететін, себебі бұл қару үнемі  оның жанында болатын. Бала кезден садақ тартуды үйренген қазақ, ер жеткенде құралайдың көзіне ататын мергенге айналған.

         Қазақ садағының түріне және оның жасалуына тоқтайтын болсақ, бұл қаруды арнайы садақшы — ұста жасайтын болған. Садақ – ол, негізінде қаруды салатын қалтаны атаған. Бұл қарудың қазақша атауы «жақ» немесе «жай». Кейде садақ деп қаруды салатын қалта мен оның оқтарына арналған қорамсақты, олар ілінетін белбеуді қосып та атаған. Қазіргі кезде біз қарудың өзін садақ деп атаймыз. Садақ негізінде күрделі – құрама ретінде түрлі бөліктерден тұратын материалдардан жасалған. Оның негізгі бөлігі ағаш, оны «адырна» деп атайды. Адырна өз кезегінде ортасынан ұстайтын жері «белі», оның екі иілген жағы «иіні» және «кіріс» деп аталатын жібі бекітілетін екі «басынан» тұрады. «Бастары» ағаштан немесе сүйектен жасалған. «Кіріс» деп аталатын жібі жібек жібінен, малдын ішегінен немесе ірі қараның сіңірлерінен жасалатын тарамыстан өріліп дайындалатын болған. Садақ берік болып сынбас үшін оның ішкі беттеріне тарамыс желімденіп, оның бетіне таутекенің мүйізі бекітілген. Соңында садақты түрлі-түсті өрнектермен әрлеп, бояп, суға берік болу үшін лак жағып кептірілетін. Бұл жұмыстар ұзақ уақытқа созылатын. Бір садақты басынан аяғына дейін дайындау үшін садақшы ұста бірнеше ай, тіпті жылдан астам уақытты жұмсаған. Сондықтан бұл қарудың бағасы да сәйкесінше қымбат болатын. Садақтың оғының өзі бірнеше бөліктерден тұратын. Оқтың бас жағына алғашқыда тастан, сүйектен, кейін адамдар металл өндіруді игерген соң қоладан, одан кейін темірден соғылған «жебе» бекітілетін. Оқтың негізгі бөлігі – сабы, ағаштан, кейде ол жеңіл болу үшін қамыстан жасайтын. Оқ түзу ұшу үшін оның артқы жағы – табанына жыртқыш құстардың қауырсынын қанаттар ретінде бекіткен. Оқтың басындағы жебенің формалары жауды немесе аңды жарақаттау үшін әр түрлі болатын. Садақтың түрі мен бірге жебелердің қандай түрлері болатынын Ілияс Есенберлин өзінің «Көшпенділер» атты роман-трилогиясында:

Қала хакіміне таяу тұрған Қияқ батыр сөзінің аяғын айтпай қайың садағына сауыт бұзар жебесін салып жіберіп, Абдоллаға қарай шірене тарта бастады.

— Атпа! — деді бір зор дауыс. Қияқ батыр «әттең, әттең!» деп, жебесінің ұшын жерге қаратты.

— Олай болса! — деді ағасының сол жағында тұрған Тұяқ батыр садағын көтере беріп, тартып қалды. Құладын қауырсынына байлаған қозы жаурын жебе зу етті. Көзді ашыпжұмғанша, Бұхара әміршісінің астындағы ақ боз сәйгүліктің кекілінде отырған ақ тұрымтай жалп етіп жерге ұшып түсті . – деп суреттейді.

«Қозы жауырын» деп аталатын жебе жалпақ, қозының жауырыны тәріздес формада болатын. Бұл жебенің қызметі кескін жарақат салу. Ұрыс барысында бұл оқпен жаудың астындағы атының аяғының сіңірлерін кесіп, оны жарамсыз қалдыру және жауынгердің сауыттан ашық жерлерге кескін жарақат жасау үшін қолданылған. «Сауыт бұзар» — өзі айтып тұрғандай екі, үш және төрт қырлы болып келетін жаудың сауытын тесіп, бұзып, оған жарақат жасау үшін арналған жебе. Бұдан бөлек, аңшылықта жануарды соғып құлату үшін «доғал» жебе пайдаланған. Доғал жебе қатты ағаштан, сүйектен немесе тастан жасалған, формасы доғал болып келгендіктен оның аталуы да сәйкесінше. Кейде бұл оқты жас балалар садақ атуды үйрену барысында да пайдаланған. Садақ ату әдісі де азиялықтардың европалықтардан айырмашылығы болған. Европалықтар садақты тарту үшін бірнеше саусақтарын пайдаланса, көшпенділер, яғни салт аттылыға атуға ыңғайлы болу үшін негізігі саусақ — бас бармақ арқылы садақ тартылып, оған күш ретінде сұқ саусақ қосылатын. Сұқ саусақтың екінші қызметі кірістегі оқты қозғалтпайтын болған. Бас бармаққа кірісті тартуда барлық күш түскендіктен, оны жарақаттап алмау үшін бұл саусаққа арнайы жүзік тағылатын болған. Ортағасырлық миниатюраларда хандардың немесе патшалардың бас бармақтарында осындай жүзіктерді байқауымызға болады.     

         Тарихы терең қарт Қаратауымызда және оның төңірегінде бүгінде мыңдаған жылдар бұрын адамдар мекендегендігінің дәлелі ретінде олардың тіршілігінде пайдаланған заттар кездесуде. Әсіресе, сол Қаратаудан ағып шыққан өзендердің бойынан тас, қола және темірден жасалған жебелер мен садақ тартуға арналған жүзіктер табылуда. Сақ және сарматтарға тиесілі қоладан құйылған үш немесе төрт қырлы болып келетін жебелер, ортағасырларда, қазақ хандығының тұсында және одан кейіңгі замандарда пайдаланған сауыт бұзар, қозы жауырын жебелері де өңіріміздің әр жерлерінен табылуда. Садақ және оқтар ағаш, сүйек, мүйіз т.б. органикалық материалдардан жасалғандықтан жүз немесе мыңдаған жылдар бойы сақталмағандықтан су мен ауаға ұзақ жылдарға төзімді тастан немесе металлдан жасалған тек жебелерді ғана бүгінгі күндері қолымызға алып көре аламыз.

         Кешегі Кеңестік идеологиясы біздің мәдениетімізді, дінімізді, салт – дәстүрімізді барынша ұмыттыруға  көзделгендіктен, бірнеше ұрпақ соның тәрбиесімен өсіп көптеген құдылықтарымыздан ада қалған болатынбыз. Соның ішінде біз дәстүрмен қатар атадан балаға өтіп келген өнерімізден де қол үзіп қалдық. Садақ жасау және садақ ату өнері де көп уақыт бойы ұмыт қалған болатын. Бүгінде бұл өнер еліміздің әр өңірлерінде қайта жанданып қолға алынуда. Кейбір ұсталар әлеуметтік желі арқылы, түрлі ғылыми еңбектерден, тарихи деректерден садақ жасау өнерін үйреніп елдің мәдениетін мен тарихын дамытуға өз үлестерін қосуда.

Орта Азиялық елдер арасында бүгінде «Жамбы ату» спорт түрі дамып, еліміздің және ауданымыздың мергендері де Қазақстан атын әлемге танытуда.

         Садақ тарту немесе садақ ату өнерін біз бұдан да ары қарай дамытуымыз қажет. Себебі ептілікке, шыдамдылыққа бағытталған бұл өнер немесе спорт түрінің денсаулыққа пайдалылығымен қоса тәрбиелік мәні де жоғары. Сондықтан спорт мектептерінен бөлек мектеп қабырғаларында да садақ тарту сабақ ретінде мектептерде де өткізілсе балаларға мәдениетіміз бен тарихымызды меңгеруге  және олардың қызығушылығын арттыруға қосымша үлес болар еді.

Алимжан Рахметұлы Ержанов,

Н. Илялетдинов атындағы №169 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі

/сурет ашық дереккөзден алынды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *