Ақпарат тасқыны күшейген заманда кітапқа деген қызығушылық бәсеңдегендей әсер қалдырады. Дегенмен қаламы қарымды жазушы, аудармашы Абылай Мауданов кітаптың рухани мәнін мол екеніне бек сенімді. Осы орайда біз қаламгермен жүздесіп, қазіргі қоғамдағы кітап оқу мәдениеті мен жастардың оқу әдеттері жайында әңгімелескен едік.

– Абылай аға, ең алдымен сұхбат беруге келісім бергеніңізге рақмет. Қазір «кітап оқылмайды, сөрелерде шаң басып тұр, электронды форматқа көшу керек» деген пікір жиі айтылады. Қаламгер ретінде бұл сөзге не дер едіңіз?
– Кітап оқымайтындар бар екені рас, бірақ қоғам түгелдей оқымай кетті деу дұрыс емес. Қазір кітап оқу сәннен қалғандай көрінеді. Дегенмен кітап оқу – үйретілетін мәдениет. Мен өзім 2018 жылға дейін журналистика саласында, облыстық телеарнада редактор болып жұмыс істедім. Сол жылдары-ақ ойға түйгенім көп болды да, саналы түрде шығармашылық жолға бет бұрдым. Кітап оқымайтын халықтың дамуы қиын. Бұрын «алдымен экономика, кейін руханият» дейтін ұран болды. Бірақ руханият кейінге қалатын мәселе емес. Қазіргі жағдайымызды жаман деуге болмайды, шүкір. Алайда біз байлықпен мақтануға бейім болып кеттік. Абай атамыз «Білімдіден шыққан сөз» деп бекер айтпаған.
Осы ойлар мені аудармаға алып келді. Лев Толстойдың балаларға арналған әңгімелерін, «Мюнхаузеннің басынан кешкендерін», «Том Сойердің басынан кешкендерін» аудардым. «Айды айналу» атты шығарманы да тәржімаладым, ол әзірге редакциялану үстінде. Президентіміз құрылтайда көптеген кітап қорының жойылып кеткенін айтып, кітап оқу мәдениетінің әлсірегеніне алаңдаушылық білдірді. 2020 жыл – балалар әдебиеті жылы, 2021 жыл – кітап оқу жылы деп жарияланды, Ұлттық кітап күні белгіленді. Бұл – өте дұрыс қадамдар. Қазір кітап оқу деңгейі бойынша 97-орында тұрмыз, ал мақсат – үздік ондыққа ену. Мұның бәрі қоғамның ортақ қолдауын қажет етеді.
– «Кітап оқып керек емес, 1-2 апталық курс оқып дамуға болады. Қазір сағаттап кітап оқығаннан гөрі қысқа әрі нұсқаны таңдаған жөн дейді. Сіз не дер едіңіз?
– Әрине, қазір ақпаратты бір сәтте жинап беретін жасанды интеллект бар. Бірақ ол – тек көмекші құрал. Адам тек технологиямен дамымайды, рухани даму деген бар.
Жапонияда болған бір оқиғаны естідім: білім жарысына бара жатқан балалардың ұшағы кешігеді. Басқалары дүкен аралап кеткенде, жапон баласы кітап оқып отырады. Біз кітапқа дәл солай тәуелді болуымыз керек. Руханият – адамға ауа мен су секілді қажет. Оны үнемі «қоректендіріп» отыру керек.
– Аға, өзіңіздің сүйікті жазушыларыңызды айта аласыз ба?
– Ең сүйікті жазушыларым – Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков. Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романын қайта-қайта оқимын. «Уақыт жоқ» деу – сылтау ғана. Адам үйренбеген соң кітапты іздемейді. Төлен Әбдіковтің шығармаларын жатқа білемін десе де болады, бірақ әр оқыған сайын жаңа қырын ашамын. Оқып отырған сәтте бүкіл дүниені ұмытып, жаным тынышталады.
– Біз ақпаратты көп тұтынып, бірақ аз ойланып жүрген жоқпыз ба?
– Ақпарат тасқыны өте күшті. Кітап оқымайсың деп жұрттың бәріне ренжу де дұрыс емес. Бірақ мәселе – сол ақпаратты жүрекке өткізу. Абайды жыл сайын дәріптейміз, бірақ оның ойы өмірімізге енуі керек. Кітап сана арқылы жүрекке жеткенде ғана пайда береді.
– Кітап оқу адамды білімді, саналы жоқ дегенде ақылды етеді. Ал кітап оқымаудың қасіреті қандай?
– «Кітап оқығанның бәрі данышпан» деу – біржақты пікір. Кітап жазып жүріп те адасып жүрген адамдар бар. Бірақ жаппай кітап оқитын қоғамның ішкі мәдениеті жоғары болады. Ой тәрбиеленеді. Президенттің «оқыңдар» деуі ойлы, ұстанымы бар ұлт қалыптастыруға үндеу деп білемін. Бір кітап өміріңді өзгертуі мүмкін, бірақ сол кітапты табу үшін мың кітап ақтаруға тура келеді.
– Кітап оқу үшін не істеу керектігін жоғары да айттыңыз. Енді сұрайыншы кітаптың сатылымын қалай көтеруге болады? 
– Кітапты ең алдымен құндылық ретінде дәріптеу керек. Ең бағалы сыйлық – кітап. Біреудің тойына, жасауына кітап сұраса, оны түсінетін қоғам қалыптасса, санамыз өсер еді.
Қазір кітап сату тиімді емес болуы мүмкін, бірақ ол құнын ешқашан жоғалтпайтын дүние. Немерең де, шөберең де оқиды. Алдымен кітап сыйлау мәдениетін қалыптастыру қажет. Дастарқан басында сериал емес, кітап талқыланатын қоғам болса, бәрі өзгереді. Мұның бәрі әркімнің өзінен басталады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Эльмира АМАНТАЕВА,
1 курс студенті

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *