Қызылорда: Қазалы ауданында жаңа саябақ ашылды
Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы Жанкент ауылында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық тазалық акциясы аясында «Жиеней баба» атындағы саябақ ашылды,— деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.
Саябақтың ашылу рәсіміне аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы қатысып, аймақты көркейту-көгалдандыру бағытындағы игі іске атсалысқан барша азаматтарға алғысын жеткізді.
— Саябақ ауылға көрік беріп, тұрғындардың демалысын, бос уақытын тиімді өткізуге таптырмас орын болатыны анық. Енді бұл саябақтың тазалығын сақтап, көркейтіп көгалдандыру, абаттандыру жұмысын қолға алуымыз керек. Жаңа демалыс орнының ашылуы Президентіміздің «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жемісі. Туған өңірін көркейтуге атсалысып, игі шараның басы-қасында жүрген азаматтардың барлығына алғыс айтамын», – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Жанкент ауылының кіреберіс аумағынан ашылып жатқан жаңа саябаққа жарықшамдар, орындықтар, қоқыс жәшіктері, келушілерге арналған көлеңкелі орындар орналастырылған. Аудан әкімі зиялы қауым өкілдері мен саябақтың ашылуына жиналған жұртшылықпен бірге саябаққа ағаш көшеттерін отырғызып, көгалдандыру шараларына өз үлестерін қосты.