Запастағы 850-ден астам офицер әскери қызметке шақырылады
Қазақстанның Қорғаныс министрлігі әскердегі кадр тапшылығын азайту үшін 850-ден астам запастағы офицерді әскери қызметке шақыруды жоспарлап отыр.
Ведомствоның мәліметінше, шақыру «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заң аясында жүзеге асырылады.
«700 офицер Қарулы күштер қатарына жіберіледі. 80 адам — шекара қызметіне, 64 — Ұлттық ұланға, ал 15 офицер төтенше жағдайлар министрлігіне жолданады» деп жазды министрлік.
Әскери қызметке денсаулығы жарамды, 29 жасқа дейінгі запастағы офицерлер шақырылады. Ал медициналық мамандық иелері үшін жас шегі — 32 жас. Ең қажетті бағыттардың қатарында авиациялық, инженерлік, артиллериялық, радиотехникалық, әскери-көлік, медициналық, тылдық, ақпараттық және барлау салалары бар.
Шақырылған офицерлердің әлеуметтік қамтамасыз етілуі келісімшарт бойынша әскери қызметшілер деңгейінде жүзеге асырылады. Қызмет атқару кезінде олар ақшалай үлеспен, тұрғын үй немесе тұрғын үй төлемдерімен, тамақпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі.
Офицерлер қызметті өздерінің әскери есепте тұрған немесе тұратын жері бойынша өтейді. Тұрақты жұмысы жоқ әрі әскери қызметке қайта оралуға дайын азаматтарға басымдық беріледі. Шақыру қағазын алған жағдайда офицер жеке куәлігі мен әскери билетін алып, жергілікті әскери комиссариатқа келуі міндетті.
«Отбасылық жағдайына, денсаулығына немесе оқуын жалғастыруына байланысты кейінге қалдыру мүмкіндігі бар. Алайда бұл шешімді шақыру комиссиясы жеке тәртіппен қабылдайды» деп хабарлады ведомство.
Фото: ашық дереккөз












