Былтыр әлеуметтік желіде ерекше бір сурет жарияланды. Бұрын да жарыққа шыққан болуы мүмкін. Бірақ көзімізге түскені осы. Жетісулық зиялы азамат Елеусіз Ахметкерімұлының парақшасынан ұшырастырдық. Мақаласын қоса ұсынған.
Автор бұл суретті ұзақ жыл сақтап келіпті. Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевты ақтық сапарға аттандыру сәті. Елдің алдында арыстай болып алпамсадай Мұқаң жатыр. Бет-жүзі ашық. Сол заманның салты. Жетпіс алтыншы жылғы наурыздың соңғы күндерінің бірі.
Арыстан жал ақын Әбділдә Тәжібаев өзін қадір тұтқан інісінің жанына кеп, азасөзін айтып тұр. Ақша бұлт қонған ақ басын төмен салған Әбу Сәрсенбаевтың қапалы көңіл-күйі де айқын аңғарылады. Алпыс жетідегі Әбділда мен жетпістегі Әбудің маңайынан қырық бірдегі Тұманбайды, отыздағы Шөмішбайды көріп отырмыз. Әріректегі Төлен Қаупынбаев пен оң жақ қанаттағы Бексұлтан Нұржекеевті де таныдық.
Ал сол жақ шеттегі жас жігіттің КазГУ-дің журналистика факультетінің төртінші курс студенті Ұлықбек Есдәулетов екенін білдік. Осыған орай Ұлықбек аға былай дейді: «Мұқаңды әкетіп бара жатқандарға ілесіп, мен де денені көтерістім. Ақынның салмағы ауырлап кеткендей көрінді. Сол күні дала мидай батпақ болып, иленіп жатты. Қабір басына жеткенше әбден сілікпеміз шықты. Шайырды шығарып салуға біраз студенттер келді. Менімен бірге Қаныш Қанафин деген курстасым да жүрді. Осы суретте оның да бейнесі бар».
Ұлықбек ағамның жанында Мұқаңның суретін ұстап тұрған жас жігіт назар аудартпай қоймайды. Оның дерегін Елеусіз ағаның мақаласына жазылған комментарийлер легінен таптық. Ішкі істер саласында ұзақ жыл қызмет істеген Несіпбек Нұрғалиев деген азамат көрінеді. Жұртшылықтың пікіріне қарағанда, жыр жазып, ән салатын сал-сері болғанға ұқсайды.
Суретті кім түсіргені туралы нақты мәліметіміз жоқ. Бұл жөнінде Елеусіз ағамыз да ешнәрсе жазбапты. Ол кісінің қолында жүргеніне қарағанда өзі жақсы білетін фототілшілердің бірі түсірген болуы мүмкін.
Сөйтіп, қалың елдің алдында, қара жердің үстінде қасқиып жатқан қайран Мұқаң сол күні:
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Ал бірақ өлтіре алмас өлеңді ешкім!, –
деді де ақтық сапарына аттанды. Ұзамай-ақ оның даңқы аспандап, қазақ даласын шарлап кетті. Өміршең өлеңдері өртеңге өскен гүлдердей қаптап, бүкіл буынның қолында жүрді. Біз оқуға түскенде атақты ақынның өмірден өткеніне небәрі бес-ақ жыл болған еді. Күллі Алматы Мұқағали жырымен тыныстап тұрды. Өлеңге таласы бар студенттің бәрі Кеңсайға барып, ақынның қабіріне тағзым етіп қайтатын. Әсіресе ширыққан шайырлар «Түкірдім сенің бетіңе жұқана күйбің, Басына барып қайтайын Мұқағалидың!», – деп тау беткейіне тартып отыратын. Түн ортасынан ауғанда «Өмір-өзенді» жастанып жататын. Ол дәуірде Мұқаңның жырын жатқа білмейтін қыз-жігіттер жоқтың қасы. Мыңдаған жас өскінді айналасына жіпсіз байлаған Мұқағали культі осылай басталған-ды.
Ал бұл кезде мәңгілік мекенін тапқан Мақатаевқа осынау бас айналдырар атақ-даңқтың құны көк тиын еді. Ол өзі тірісінде-ақ дүниенің баянсыздығын анық ұқты. Ұқты да көндікті. Көндікті де:
Өлім, өлім, өлім деп,
Неғыламыз күрсініп,
Өлген адам көмілмек,
Тірі адамға – тіршілік.
Өлім, өлім, өлім деп,
Өкінеміз несіне.
Өлген адам көмілмек,
Тірі адамға – несібе, –
деп жер басып жүрген жұмыс басты пенделерге батасын беріп кете барды. Сонымен қатар кеудесіне кір шалдырған күллі жұртқа деген мысқылын да аңғартып өткендей сезіледі…
Ертең – Мұқағалидың туған күні. Туғанына – тоқсан бес жыл!

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *