2026 жылы егіс науқанына 1 триллион теңге бөлінеді. Бұл жайлы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бөлінетін қаржы 1 триллион теңге деңгейінде сақталады. Оның ішінде 300 миллиард теңге ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуға бағытталады.

Бұл шаралар ауыл шаруашылығы өндірісін жаңғыртуға және техникалық паркті жаңартуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық қызу жүріп жатыр. Биылғы жалпы егіс алқабы 23,8 миллион гектарды құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Оңтүстік өңірлерде көктемгі жұмыстар басталып кетті,-деді ол.

Сонымен қатар министр мәліметінше, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту — Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді.

Агроөнеркәсіп секторын жан-жақты дамыту мемлекет саясатындағы негізгі басымдық болып қала береді. Бүгінде 7,4 миллион азаматымыздың тұрмыс-тіршілігі, яғни тұрғындардың 36 пайызы және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі осы саланың өркендеуіне тікелей байланысты, — деді Айдарбек Сапаров.

Аграрлық салаға қолдау күшейді

Министрдің айтуынша, Президент тапсырмасымен агроөнеркәсіптік кешен бұрын-соңды болмаған деңгейде қолдауға ие болды. Соңғы жылдары саланы қаржыландыру көлемі айтарлықтай артқан.

Биыл мал шаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді жоспар іске асырыла бастады. Бұл жоспар мал басын көбейтуге, өнімділікті арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар саланың тиімділігін арттыру үшін бірқатар маңызды міндеттер тұр. Атап айтқанда, жем-шөп базасын нығайту, селекциялық-асыл тұқымды шаруашылықтың тиімділігін көтеру және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағыттарын дамыту қажет,- деп атап өтті министр.

Өңірлерде жаңа өндірістер ашылып жатыр

Айдарбек Сапаровтың мәліметінше, мемлекеттік қолдау нақты нәтижелер бере бастады. Тек өткен жылдың өзінде агроөнеркәсіптік кешенде 250 жаңа өндіріс іске қосылған. Бұл жобалар өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауылдық аймақтардың экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Қазақстандық шаруалар соңғы жылдары жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Елде қатарынан екінші жыл рекордтық өнім жиналды. Тәуелсіздік тарихында алғаш рет майлы дақылдар мен дәнді-бұршақты дақылдар бойынша жоғары көрсеткіш тіркелді. Ал шитті мақта өндірісі 428 мың тоннадан асып, соңғы 18 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті,- дейді министр.

Ауыл шаруашылығы тұрақты дамуға бағыт алды

Айдарбек Сапаровтың айтуынша, мемлекет үшін басты міндет – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету.

Мұндай қадам жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірлер экономикасын нығайтуға және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру, өндірісті әртараптандыру және экспорттық әлеуетті күшейту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр,-деп атап өтті ол.

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Басты жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *