Президент мерзімді әскери қызметке шақыру туралы Жарлыққа қол қойды
Мемлекет басшысы «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2026 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжатқа сәйкес, әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілер запасқа шығарылады. Ал 18-27 жасқа дейінгі ер азаматтар 2026 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында мерзімді әскери қызметке шақырылады.
Жергілікті атқарушы органдар тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.
ҚР Үкіметіне әскерге шақырылған Қазақстан азаматтарын жөнелтуді және мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімдерін өткерген әскери қызметшілерді шығаруды қаржылай және материалдық жағынан қамтамасыз етуді ұйымдастыру жүктелген.
Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Фото: Ақорда











