Қазақтар қаза мен қайғыны қалай еңсерген?
Қазақ үшін қайғы — жалғыз адамның басындағы ауыртпалық емес, тұтас ауылдың, ағайынның ортақ жүгi. Қаралы үйдің есігі жабылмай, адамдардың үздіксіз келіп-кетуі, жоқтау мен көңіл айтудың үзілмеуі — осының дәлелі. әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Тарих факультеті Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Бибізия Қалшабаеваның айтуынша, бұл дәстүрлердің астарында тек салт емес, терең психологиялық мән жатыр.
Профессордың сөзінше, қазақ қоғамының рулық құрылымы қайғыны бірге еңсеру мәдениетінің негізін қалаған.

— Қазақ қоғамында ертеден әр рудың өз жайлауы, қыстауы болған. Ру-ру болып өмір сүрген қазақтардың қуанышы да, қайғысы да, жеңісі мен жеңілісі де ортақ болды. Сондықтан бір адамның отбасына қайғы түссе, оны бүкіл ру болып бірге көтерген. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ұстаным осыдан шыққан. Тіпті ең кедей адамның өзінде қайғы болса, бірі сойыс малын, бірі ұнын, енді бірі басқа азық-түлік әкеліп көмектескен. Бұл дұрыс атқарылмаса, ол бүкіл руға сын болған, — дейді ол.
Оның сөзінше, бұл дәстүр бүгінге дейін жалғасып келеді.
— Қазір ру-ру болып қоныстанбасақ та, қайғыны ауыл тұрғындары, туыстар мен көршілер бірігіп көтереді. Қайтыс болған адамның өлімі тек отбасының емес, барлық туған-туыстың ортақ қайғысы ретінде қабылданады. Тіпті халық арасында тойға қарағанда қайғыда бас қосу маңыздырақ болып есептеледі. Жетісі мен қырқына дейін адамдар үзілмей келіп, әсіресе бейсенбі мен жұма күндері қаралы үйге арнайы барып, қолдау көрсетеді, — деп түсіндірді тарих ғылымдарының докторы.
Жоқтау, естірту және сыңсу
Қазақтың жоқтау, естірту, сыңсу сияқты дәстүрлері де — осы ортақ эмоциялық тәжірибенің бір бөлігі.
— Жоқтау — қайтыс болған адамды жоқтап, іштегі мұң-шерді өлең арқылы шығару. Бұл тек қоштасу емес, адамның ішкі күйзелісін жеңілдетудің бір жолы. «Сөйлемей пенде шыдамас, қайғы отына ашынған» деп, Абай Құнанбайұлы айтқандай, жоқтауда ішкі күйік сыртқа шығады, — дейді Бибізия Қалшабаева.
Тарихшының сөзінше, жоқтау ертеректе кісі қайтыс болғаннан кейін жылдық асы берілгенше айтылған.
— Қазақ халқының әдет-ғұрпы жөнінде 130-дан астам мақала жазған Әубәкір Диваев жоқтау жөнінде «Қазақтың жоқтау өлеңдері — көшпелі қазақ әйелдерінің ақыл-ойын көрсетеді, жүрек сұлулығын суреттейді» деп жазған. Сондай ақ жоқтау, дауыс салу — өкіріп жылау емес, бірсарынды мақаммен әндете отырып, іштегі жалынды, күйікті шығару. Қанша дегенмен, ет жақын адамның қазасына күйінбеу мүмкін емес, Қазақ қоғамында жоқтау дәстүрі әлі де кездеседі. Тіпті әйелі, қыздары дұрыс жоқтай алмады деген сөздер де айтылып қалады. Жоқтауды жаттап айтатындар да бар, айта алмай отырғандарға «ішіңдегіні шығар» деп жатады. Сондықтан оның психологиялық маңызы зор, — дейді ҚазҰУ профессоры.
Ал естірту дәстүрі қайғыны бірден емес, жұмсартып жеткізудің тәсілі болған.
— Бұрындары қайғылы хабарды бірден айтып салмай, арнайы адамдар арқылы естірткен. Мысалы, Жошы ханға баласының өлімін күй арқылы жеткізген «Ақсақ құлан» аңызы бар. Естірту кезінде жиналған адамдар отбасыға басу айтып, қайғыны бірге бөліскен. Қазір, өкінішке қарай, әлеуметтік желі арқылы суық хабарды бірден жариялау жиілеп кетті. Меніңше, бұл қазақы ұғымға жат, — дейді Бибізия Қалшабаева.
Сыңсу дәстүрі де — эмоцияны сыртқа шығарудың бір түрі.
— Сыңсу — ұзатылып бара жатқан қыздың елімен, ата-анасымен, ауыл-аймақ, ағайын-туыс, бауырымен, құрбы-құрдастарымен қоштасуы. Сыңсуды ұзатылатын қыз сіңлілерімен, жас жеңгелерімен туыстарының үйін аралай жүріп, әуендетіп айтқан. Ол өз уайымын, қорқынышын, сағынышын өлеңмен жеткізеді. Бұл да психологиялық тұрғыдан маңызды: қыз жаңа өмірге дайындалып, ішкі күйзелісін жеңілдетеді, — деп түсіндірді ол.
Көңіл шай
Қайғы кезінде адамдардың үздіксіз келіп-кетуі де бекер емес.
— Көңіл айту — әр адамның парызы. Бұл қаралы отбасыға демеу береді. Қайғыны жалғыз көтермей, адамдармен араласу арқылы жеңілдетеді. Жетісі мен қырқына дейін үйде адам қарасы үзілмейді, бұл — қаралы жандарды жалғыз қалдырмаудың тәсілі. Адамдар келіп, әңгіме айтып, сабырға шақырады. «Көңіл шай» беру дәстүрі де осыдан туған, — дейді ғалым.
Тоқым қағар
Профессор қазақ мәдениетінде тек қазаны емес, белгісіздік пен қорқынышты да көпшілік болып еңсергенін айтады.
— Мысалы, «тоқым қағар» дәстүрі — сапарға шыққан адамға психологиялық қолдау көрсету. Ән-күй, әзіл арқылы оны жақсы көңіл күймен шығарып салған. Жолаушыға бата беріп, жолы жеңіл болсын деген сенім қалыптастырған, — дейді ол.
Бибізия Қалшабаеваның айтуына қарағанда, ертеректе бұл жоралғы көбіне жас баланың үйінен ұзап, ат жалын тартып мініп, сапар шегу құрметін тойлау үшін жасалған.
— Атқа мініп, жолға шығу бозбалаға үлкен жауапкершілік жүктеген. Бір жағынан, баланы еңбекқорлыққа баулу, жылқыны «ер қанаты» ретінде құрметтеу болса, екінші жағынан, бұл дәстүрлі белгісіздік пен қорқынышты жеңуге септігін тигізеді деп қарастыруға болады, — дейді ол.
Осылайша, қазақтың дәстүрлі қоғамында қайғыны жеңу жеке адамның емес, тұтас қауымның ісі болған. Ал жыр, рәсім, сөз және ортақ қолдау — сол қайғыны жеңілдетудің негізгі құралдарына айналған.
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana








