Қызылорда-Қазалы: Құрылыс өнімдерімен танымал кәсіпорын
«LCI-MK» ЖШС-нің Қазалы филиалы 1982–1984 жылдары салынып, іске қосылған. Бүгінде ол Қызылорда облысындағы құрылыс индустриясының жетекші кәсіпорындарының бірі болып табылады, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Кәсіпорын темір-бетон бұйымдарын (ЖБИ) және түрлі құрылыс конструкцияларын өндіруге маманданған.
Филиалдың өндірістік базасы 4,3 гектар аумақты қамтиды. Оның ішінде жалпы ауданы 5800 м²-ден асатын заманауи өндірістік цехтар орналасқан. Айта кету керек, кәсіпорын бұрын «МО-1» ЖШС құрамында жұмыс жасаған.

Зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 10 000 м²-ге дейін темір-бетон бұйымдары мен конструкцияларын шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда кәсіпорында орта есеппен 77 қызметкер тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кәсіпорында шығарылатын темір-бетон бұйымдары мемлекеттік стандарттар мен техникалық талаптарға толық сәйкес келеді. Өнімдер тапсырыс берушінің қажеттілігіне қарай кез келген көлемде және күрделілік деңгейіне байланысты дайындалады.

Сонымен қатар, 2010 жылдан бастап зауыт «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі құрылысына қажетті темір-бетон өнімдерін өндіруге бейімделіп, өндірістік қуаттарын айтарлықтай кеңейтті. Осы бағытта қосымша өндірістік нысандар салынып, заманауи технологиялар енгізілді.
Нәтижесінде көпір құрылысына арналған жоғары сапалы темір-бетон балкаларын өндіру жолға қойылды. Бүгінде кәсіпорын заманауи өндірістік технологияларды тиімді қолдана отырып, өңірдің құрылыс саласын сапалы өніммен қамтамасыз етіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосуда.
Фото: Қазалы ауданы әкімдігі












