Қарулы күштердің әскери қызметшілеріне ақшалай үлес, жәрдемақы және өзге де төлемдерді төлеу қағидасы өзгерді, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.  

Ведомствоның мәлімдеуінше, осындай бұйрық 21 сәуірден бастап күшіне енді. Түзету материалдық қамтамасыз етудің жекелеген нормасын нақтылауға және төлемдерді есептеу тәртібін жетілдіруге бағытталған.

Атап айтқанда, қағидаларға «істер мен лауазымды қабылдау күні» және «істер мен лауазымды тапсыру күні» деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл күндер командирдің бұйрығымен бекітіліп, ақшалай үлесті есептеу кезінде қолданылады. Жекелеген төлемдерді есептеу тәртібі де нақтыланды. Мәселен, әскери қызметтен теріс себеппен босатылған жағдайда сауықтыруға арналған жәрдемақы енді айдағы нақты күнтізбелік күндер санына пропорционалды түрде есептеледі.

Құжатта сыйақы беру тәсілі де айқындалған. Әскери қызметшілер ерекше маңызды әрі күрделі тапсырманы орындағаны, жоғары нәтижеге қол жеткізгені және қызметтік міндетін үлгілі атқарғаны үшін ынталандырылуы мүмкін.

Сыйақы мемлекеттік және кәсіби мерекеге, сол секілді мерейтой күндеріне орай берілуі мүмкін. Мерейтой жасқа 40 жас және одан кейінгі әрбір бес жыл кіреді. Өзгерістің жеке бір бөлігі әлеуметтік қолдауға арналған. Әскерилерге көрсетілетін материалдық көмектің көлемі ұлғайтылды. Енді оның мөлшері ең төменгі жалақыға еселенген түрде айқындалады. Бұл биыл 85 мың теңге.

Материалдық көмек бюджеттің үнемделуі есебінен беріледі. Жақын туысы, жұбайы немесе жұбайының жақыны қайтыс болған жағдайда ол ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшеріне дейін (425 мың теңгеге дейін) жетуі мүмкін. Ал некеге тұру, бала туу, бала асырап алу, мүліктік залал келтірілуі немесе емделу қажеттілігі кезінде – үш еселенген мөлшерге дейін (255 мың теңгеге дейін) беріледі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, өзгерістер төлемдер жүйесінің ашықтығы мен әділдігін арттыруға, сондай-ақ әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталған.

Еске салсақ, әскерге барудан жалтарып жүрген азаматтарға уақытша шектеу шараларын енгізу қарастырылып жатыр.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *