Қызылорда-Сырдария: Биыл ауданда 17 мың гектар күріш егіледі
Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданындағы көктемгі егін егу науқаны жоспарлы түрде жүріп жатыр, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен өткен кезекті отырыста егістік жұмыстарына дайындық мәселесі қозғалып, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Бағлан Мейрамбекұлы баяндама жасады. Жиында ол биыл егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі, олардың құрылымы және суармалы жерлерді тиімді пайдалану жоспарлары туралы айтып өтті.

– Биыл ауданда 32064 гектарға егін егу жоспарлануда. Оның ішінде, күріш дақылы 17 000 гектарға егілетін болады. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы құрылымдарында жалпы – 4585 гектар ақ егіс егілді. Биылғы егіске 5000 тонна күріш тұқымы құйылып, қазіргі таңда 3289 тоннасы себу дәрежесіне жеткізілді. Күріш егісіне қажетті минералдық тыңайтқыштың көлемі 10 800 тоннаны құраса, бүгінге 9395 тоннасы сатып алынды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге барлығы 780 дана ауыл шаруашылығы техникасы қатысуда. Үкімет тарапынан көктемгі дала жұмыстарына қажетті 2825 тонна дизель отынының 1015 тоннасы шаруашылық құрылымдарына жеткізілуде. Бүгінде «Қазсушар» РМК облыстық филиалымен 117 шаруа қожалық суға келісімшартқа отырды. Ауданда барлығы 91 дана насос қондырғысы бар. Оның ішінде 33 дана насосты ауылдық округтердегі үй іргесіндегі жерлерге және шаруашылықтар егінге 58 дана насосты пайдаланатын болады, – деді бөлім басшысы.
Отырыс барысында төрт түлікті түгендеу және олардың арасында қауіпті жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу шаралары бойынша аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Нұрлыбек Дәулетбаев баяндады.

Оның айтуынша, осы жылға ауданда эпизоотияға қарсы 12 түрлі аса қауіпті ауруға қарсы ветеринариялық-профилактикалық іс-шара жоспары бекітіліп, 3 айға межеленген көрсеткіш 100 пайызға орындалған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын энзоотиялық ауруларына қарсы профилактикалық шаралар жүргізу мақсатында 6 түрлі ауруға қарсы ветеринариялық жоспары бекітіліп, соған сәйкес ветеринариялық-профилактикалық шаралар толық атқарылыпты.
Фото: Сырдария ауданы әкімдігі












