Қызылорда: Биыл Қармақшыда 24 мың гектардан астам жерге егін егіледі
Биыл Қызылорда облысы Қармақшы ауданында барлығы 24057 гектар жерге түрлі дақыл егіледі, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Жалпы былтыр орын алған су тапшылығына байланысты ауданда 10 700 гектар күріш, дәндік жүгері, жаздық бидай, арпа, мақсары, соя, күнбағыс, жаңа жоңышқа және жаңа мал азықтық бір жылдық судан шөбі, картоп, көкөніс және бақша дақылдарын орналастыру жоспарланған.

Аталған дақылдарды егуге 3 000 тонна күріш, 44,2 тонна дәндік жүгері, 198 тонна жаздық бидай, 32 тонна арпа, 1,6 тонна сүрлем жүгері, 30 тонна мақсары, 70 тонна жоңышқа тұқымы егістікке жеткізілуде. Сондай-ақ осы жылы егіс жұмыстарына пайдалануға 3 268 тонна арзандатылған жанар-жағар май отынын алуға gosagro.kz порталына өтінім берілген.
Қармақшыда осы жылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қатысатын барлық техникалар мерзімінде толықтай жөндеуден өткізілген. Дән себу жұмыстарына 415, егін жинау жұмыстарына 499 техника жұмылдырылады. Қазір дән себу жұмыстарына 400 ауыл шаруашылығы техникасы дайын. Бұған қосымша тұрғындарға ұжымдық түрде бақша дақылдарын егу үшін арнайы жер дайындалып жатыр», дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Бауыржан Меңлібаев.
Қазір Қармақшыда күріш егу жұмыстары бойынша шаруашылық құрылымдары 3646 гектар жерге дән сеуіп, 1977 гектарын суарып үлгеріпті.
Фото: Аудандық АШжЖҚ бөлімі












