Жергілікті жұрт «Третий» деп атайтын ауылдың дұрыс атауы – ІІІ Интернационал.  Бұл Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы ірі елді мекен. Тіршілік қамын күйттеген түрлі ұлт бар мұнда. Жер несібесін теріп жейді. Кезінде жер ауған аталарының дәстүрін де ұмытпаған. Жергілікті жұртпен сіңісе отырып, еңбек қылады. Сол еңбектің арқасы болар, мұнда тұратын 11 ұлт бір-бірімен өте тату.

Жалпы бүгінгі ауыл атауы ілгеріден басталады. Қармақшы жеріндегі Қашқансу табанындағы «Черновная земля», ІІІ Интернационал мен сол уақыттағы Бозарқаш ауылдық кеңесіне қарасты «Утренняя заря» колхозшылары бірігіп, 1950 жылы жаңа колхоз құруға бекінеді. Жаңа ел «ІІІ Интернационал» деп аталып, оның председателі болып Цай Ден Хак сайланады. Бүгінде ауылдың еңсе тіктеуіне бірден-бір себепкер корей азаматы 1984 жылға дейін колхоз басшысы болған.

Тарих бетін парақтасаңыз, бұның бәрі сталиндік зобалаңнан басталған. 1937 жылы қыркүйекте Қиыр Шығыстан корей халқын Қазақстанға көшірді.  Соның бірсыпырасы Қармақшы жеріндегі «Қашқансу» ауылдық кеңесіне қоныс аударды. Пак Ин Кван, Цай Ден Хак, Ким Тен Сем сияқты азаматтар жаңа өңірде еңбек туын желбіретті. Егін егуді қолға алып, соғыс жылдарында осы колхоз диқандары 215 гектар күріштен 3689 центнер өнім алғаны туралы дерек те бар.

Соғыс демекші, бұл ауылға түріктер де қоныстанды. 1944 жылы Грузиядағы Месхетия таулы өңірінен түріктерді біздің республикаға жер аударды. Деректерді сөйлетсек, сол уақытта Қармақшыға 28 отбасы келген. Жергілікті қазақтар бұл ағайынды да қабақ шытпай, қамқор көңілмен қарсы алыпты.

Ата-бабаларымыздың жөн-жосығын сұрамай-ақ өз төрінен орын берген ұлт көп қой. Қармақшы топырағы да түрік ағайынға майдай жақты. Өз жерінен ауып, азып-тозып Сыр бойына жеткенде біздікілер қарап қалмады. Қамқорлығын аямады, қайырымды қолын созды. Мұны сол дәуірде жер ауып келгендердің ұрпағы әлі де аузынан тастаған емес.

– Біздің ағайын 1944 жылы күздің қара суығында жайдақ вагонға тиеліп, қазақ жеріне табан тіреген. Сол уақыттағы кейбір саяси ұстанымның осы халыққа өз салқынын тигізгені рас. Кеңес үкіметі үшін жат пиғылды көрінген біздің түрік ұлтын түртпектей отырып, ақыры Кавказ жерінен шұғыл көшіргенін әкелерімізден естіп өстік қой. Сондай бір тобы Қармақшы жеріне келіпті. Шүкір, әу бастан қонақжай қазақ халқының құшағы ашық емес пе? Осында әбден орнығып, бір ел атандық, – дейді ауыл тұрғыны Амирхан Мардиев.

Оның айтуынша, ата-баба жерінен ауып келген түрік отбасылар «Қашқансудың» табанына тұрақтап, адал еңбекпен күн көрген. Қазір солардың саны артып, бүгінгі ІІІ Интернационалда 200-ден астам түрік шаңырағы өсіп-өніп отыр. Дәл осы ағайынның ішінен ғалым да, дәрігер де, түрлі саладағы еңбек адамдары мен кәсіпкерлер көптеп шықты. Әрі олар өздеріне құт-мекен болған ІІІ Интернационал ауылын ұмытқан емес. Мақтаныш тұтып, Отаным деп әспеттейді. Сыртқа қоныс аударса да, жиі соғып, өскен өлкесін естен шығармай келеді.

Өз басым ұрпағымды Қармақшы топырағанда өрбітіп, отбасымды адал несібемен асырап келемін. Бар жұмысым – дала төсінде, күріш басында. Егін шаруашылығында мектеп бітіргелі келемін. Арнайы ауыл шаруашылығы машиналарын жүргізуді үйрететін курсты жас күнімізде бітірдік. Содан бері механизатормын. 1985 жылдың аяғында әскерге алынып, келген соң да трактор руліне отырып, жер жырттық. Комбайнмен Сыр салысын ордық. Арасында сушы болып та еңбек еттік. Бір білерім, адам баласын ұлты не дініне қарамастын бірлікке, ынтымаққа үндейтін бір ғана дүние бар. Ол – еңбек. Артымыздан келе жатқан буынға осы қасиеттерді ұдайы сіңірсек, бізде де арман жоқ, деп ағынан жарылды ол.

Екі ұл, бір қыз өсіріп, үш немере сүйген Амирхан Фириддинұлы шаруашылықтың №3 бригадасында еңбек етіп жүр. Алпыстағы ағаның әлі де дала еңбегінде тың екені байқалады. Түрлі тракторды жүргізуден бөлек, кейбір бұзылысы көп техниканың да тілін өзі таба береді.

Ал ауылдық әкімдікте жетекші маман болып қызмет атқаратын Давлят Тельмановтың айтуынша, қазір осы ауылда біз айтқан корей мен түріктен бөлек, орыс, өзбек, беларусь, украин, татар, әзербайжан, қырғыз сияқты ұлт өкілдері бар. Бір-бірімен тату. Қазақ жерінің байлығы мен рухани қазынасын молайтуда үлесі зор.

Социалистік Еңбек Ері Цай Ден Хак басқарған осы ауыл өз уақытында мемлекетке 10 мың центнер күріш, 700-800 центнер сүт тапсырып отырған. Бұл сол 1950-1960 жылдардағы көрсеткішпен қарасақ, колхоз тарихында болмаған жетістік. Бүгінде ауылдағы барлық ұлт өкілдері 2000 гектардан астам күріш егеді. Татулықты ту еткен «третийліктер» жыл сайын егін егуден көш бастап тұр. Күш-жігерін ел бірлігіне жұмсаған ауылдың берекесі де артар. Содан болар, Қармақшы мен «Қашқансу» құшағына алған көп ұлттың бүгінде қабағы жадыраңқы.

Фото: автордан

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *