Ұлы Отан соғысы ардагеріне құрмет
Менің атам Жүсіпбек Дәулетбайұлы – Ұлы Отан соғысының ардагері.
Мен, Бахытжан Жұмабекұлы – Жүсіпбек атамның немересімін. Мектепте оқып жұрген кезімде, жылда Жеңіс күні қарсаңында мұғалім сынып сағаты өтетінін ескертіп және кімнің Атасы немесе Әжесі соғысқа қатысқан болса, ол кісілерден сұрап, қысқаша әңгіме жазып келуін талап етеді. Менің Атам 1980 жылы қайтыс болған. Өкінішкі орай, Атамнан сұрай алмаймын.
Әкемді және анамды мазалап, білгендерін сұраймын. Сонда есіткен әңгімелерден менің есімде қалғаны, Жүсіпбек атамның 1942 жылы майданға аттанғаны туралы. Соғыста Брянск бағытында шайқасқан 32-атқыштар дивизиясының 236-шы атқыштар полкінде автоматшы болғаны.
Кейін мен есейіп, тарихты оқи бастағанда ғана, папа мен маманың Атам соғысқа қатысқаны, елін қорғап, ерлік жасағаны туралы айтқандарының артында қандай үлкен шындық жатқанын түсіндім.
32-атқыштар дивизиясы соғыстың алғашқы ауыр кезеңдерінде Брянск және Батыс майдандары құрамында Мәскеуді қорғауға қатысқан. Жау Мәскеуге ұмтылған шақта, бұл дивизия оның жолын бөгеп, шегіне жүріп, қорғаныс шептерін ұстап тұру үшін жан аямай шайқасқан. Сол құрамда менің Атам да болғанын ойласам, жүрегімді бір жағынан мақтаныш, бір жағынан мұң кернейді.
1943 жылдың жазы. Тарихта ерекше орын алатын Курск шайқасы басталды. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыстағы шешуші кезеңдердің бірі еді. Мыңдаған танк, миллиондаған сарбаз қатысқан алып шайқас. Осы ұрыстар аясында өткен Орлов стратегиялық шабуыл операциясына менің Атам да қатысқан.
Сол жылдың шілде айында Атам ауыр жарақат алды. Қолының білезігіне минаның сынығы тиіп, майдан даласында қаншама азап шеккен. Ақыры денсаулығына байланысты елге оралуға мәжбүр болды.
Бірақ соғыс оның өмірінен сол сәтте кеткен жоқ. Ауылға оралғанда, ол майданнан кем түспейтін ауыр шындықты көрді. Ел азып-тозған, халықтың жағдайы мүшкіл еді. Тылдағы еңбек – өз алдына бір майдан болатын. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен Аналарымыз бен Әжелеріміз күн-түн демей еңбек етті.
Атам да жарақатына қарамастан қарап қалмады. Ол елдің еңсесін көтеруге, тұрмысын түзетуге бар күшін салды. Зейнеткерлікке шыққанға дейін тынымсыз еңбек етті.
Атам соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен екі рет марапатталған. Бірақ ол ешқашан өзін батыр ретінде көрсеткен емес. Оның қарапайымдылығы – оның шынайы ұлылығы еді.
Мен үшін Атам – ерліктің дауысты ұраны емес, керісінше, үнсіз жасалған ерлік. Ол – сөзбен емес, ісімен дәлелденген батырлықтың үлгісі.
Бүгін мен бейбіт өмір сүріп отырмын. Аспанымыз ашық, еліміз тәуелсіз. Бірақ осы тыныштықтың артында менің Атам сияқты мыңдаған тағдырлар жатқанын жүрегіммен сезінемін.
Кейде ойлаймын: Атам соғыс туралы неге көп айтпады екен? Бәлкім, ол сөзбен жеткізуге келмейтін ауыр естеліктер еді. Немесе ол бізге соғыстың емес, бейбіт өмірдің қадірін ұғындырғысы келген шығар.
Қалай болғанда да, оның өмірі – мен үшін үлкен сабақ.
Атамыздың батыр болғанын, ерлік жасағын мақтан етеміз! Атамыздың есімі бүкіл халықтың мәңгі жадында. Оған дәлел Мәскеу қаласындағы Жеңіс алаңында орнатылған ескерткіш.
Енді елімізде соғыс болмасын, тек мамыражай заман, бірілігі мен берекесі кетпеген тәуелсіздіктен айырмасын!
Бахытжан Жұмабекұлы













