Су – адам өмірінің, экономиканың және ауыл шаруашылығының негізі. Алайда бұл ресурс біз ойлағандай шексіз емес. Қазақстанда соңғы жылдары су тапшылығы мәселесі жиі көтеріліп жүр. Мамандар климаттың өзгеруі, халық санының артуы және су тұтынудың көбеюі алдағы онжылдықтарда жағдайды күрделендіруі мүмкін екенін айтады.

Сондықтан бүгінгі таңда суды үнемдеу тек коммуналдық төлемдерді азайтудың тәсілі емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналып отыр.

Президент су тапшылығы туралы не айтты?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында су мәселесіне ерекше тоқталды.

«Су ресурстарының қолжетімділігі мен сапасы өзекті мәселе болып қала береді. Халық саны мен экономиканың өсу тенденциясын ескерсек, 2040 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның трансшекаралық өзендерге тәуелді екенін атап өтіп, су саясатын тиімді жүргізу Үкіметтің маңызды міндеттерінің бірі екенін айтты.

Қарапайым тұрғындар не дейді?

Су тапшылығы мәселесі қоғамды да алаңдатып отыр.

Елордалық тұрғын Махаббат Нұрыштың айтуынша, су үнемдеу мәдениеті әр отбасынан басталуы керек.

«Күнделікті өмірде артық су ағызбауға тырысамын, душты ұзақ қабылдамаймын. Тісімді немесе ыдысты жуған кезде кранды міндетті түрде жауып қоямын. Қазірдің өзінде кейбір аймақтарда су азайып жатыр, сондықтан елімізде су тапшылығы болуы мүмкін деген пікірмен толық келісемін. Менің ойымша, адамдар суды көбіне үйде және ауыл шаруашылығында қажеттен тыс көп қолданып, ысырап етеді. Бұл мәселені шешу үшін су үнемдеу мәдениетін балаларға кішкентай кезінен бастап үйрету керек. Сонда ғана бұл бәріміз үшін пайдалы әдетке айналады», – дейді ол.

«Суды үнемде – болашақты сақта!» акциясы

Су мәдениетін қалыптастыру мақсатында елімізде «Суды үнемде – болашақты сақта!» атты республикалық экологиялық акция ұйымдастырылды.

Акция аясында Қазақстанның 18 жетекші университетінде экосағаттар өтті. Оған офлайн форматта 4 мыңнан астам студент және онлайн режимде 120 жоғары оқу орны мен колледж қатысты. Сондай-ақ жүздеген мектеп оқушысы қосылды.

Жоба барысында Су ресурстары және ирригация министрлігінің басшылығы мен мамандары өңірлердегі оқу орындарына барып, жастармен ашық кездесулер өткізді.

Кездесулерде су үнемдеудің маңызы мен заманауи технологиялар талқыланды.

Жастар ұсынған тың жоба

Су үнемдеу бағытында жастар да белсенділік танытып келеді.

Астанадағы №91 мектептің 10-сынып оқушысы Жәңгір Әбуов «Су ізі» атты интерактивті платформаны әзірлеген.

Бұл жоба адамның күнделікті су тұтынуын есептейді, су шығынын талдайды және оны азайтудың жеке жоспарын ұсынады.

Жобаның әлеуеті жоғары болғандықтан, Су ресурстары және ирригация министрлігі оқушының ата-анасымен бірлесіп жұмыс істеу жөнінде келісім жасаған.

Қазақстан өзге елден не үйрене алады?

Суды үнемдеуде халықаралық тәжірибенің де маңызы зор. Мысалы, Нидерландыдағы Энсхеде және Хенгело қалаларының арасында орналасқан Kristalbad аймағында «Watermachine» жобасы жүзеге асырылған.

40 гектар аумақты қамтитын бұл кешен бірнеше функцияны қатар атқарады.

Табиғи сүзгі қызметін атқарады. Су арнайы деңгейлер арқылы өтіп, табиғи жолмен тазарады. Бұл үшін химиялық заттар қолданылмайды.

Су тасқынынан қорғайды. Қатты жауын кезінде жүйе 187 мың текше метрге дейін су жинай алады. Осылайша жақын маңдағы елді мекендерді су басу қаупі төмендейді.

Қуаңшылық кезінде көмектеседі. Жиналған және тазартылған су кейін ауыл шаруашылығында пайдаланылады.

Демалыс аймағына айналған. Жоба табиғи экожүйені сақтап қана қоймай, тұрғындардың демалыс орны ретінде де қызмет етеді.

Үйде суды қалай үнемдеуге болады?

Су ресурстары және ирригация министрлігі қарапайым әдеттердің өзі мыңдаған литр суды үнемдеуге мүмкіндік беретінін айтады.

Тіс тазалағанда кранды жабыңыз. Суды стақанға құйып пайдалану арқылы бір адам жылына шамамен 6300 литр су үнемдей алады.

Сенсорлы кран орнатыңыз. Автоматты крандар жылына 4500 литрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді.

Душ қабылдаңыз. Ваннаның орнына душ қабылдау жылына 15 600 литрге дейін су сақтайды.

Жеміс-жидекті ыдыста жуыңыз. Бұл тәсіл жылына 1500 литр суды үнемдеуге көмектеседі.

Кір жуғыш пен ыдыс жуғыш машинаны толық жүктеңіз. Алты адамнан тұратын отбасы осылайша жылына 35 мың литрге дейін су үнемдей алады.

Крандар мен құбырларды тексеріңіз. Ағып тұрған крандар судың шамамен 10%-ын босқа жоғалтуы мүмкін.

Екі режимді әжетхана багын қолданыңыз. Бұл жылына 6000 литрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді.

Аэратор пайдаланыңыз. Кранға орнатылатын арнайы саптама жылына шамамен 3300 литр суды сақтап қалады.

Су үнемдеу неге маңызды?

Қазақстанда су тапшылығы мәселесі тек болашақтың емес, бүгіннің де мәселесіне айналып келеді. Мемлекет жаңа су қоймаларын салып, каналдарды жаңғыртып, су үнемдеу технологияларын енгізіп жатыр. Бірақ мамандардың айтуынша, мәселені тек инфрақұрылым арқылы шешу мүмкін емес.

Суды үнемдеу мәдениеті әр отбасыдан, әр адамнан басталуы керек.

Бүгін кранды уақытында жабу, ағып тұрған құбырды жөндеу немесе душ қабылдау сияқты қарапайым әрекеттер ертең мыңдаған тонна суды сақтап қалуға көмектеседі. Ал бұл – Қазақстанның су қауіпсіздігіне қосылған нақты үлес.

Аида Шакибекова

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *