Қазақстанда бір жылда 198 мектеп пен 655 медициналық нысан салынды
2025 жылы әлеуметтік саланы қаржыландыруға республикалық бюджеттен 9,3 трлн теңге бағытталды. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев Сенаттың жалпы отырысында айтты.
Министрдің мәліметінше, Үкімет өткен жылы барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық орындаған. Сонымен қатар өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бөлінген.
Ұлттық жобалар аясында ел бойынша 198 мектеп пен 655 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталған.
Ұлттық жобалар шеңберінде 198 мектептің және 655 денсаулық сақтау объектісінің құрылысы аяқталды, – деді Мәди Тәкиев.
Сонымен қатар студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасқан. Бір жыл ішінде 10 мыңнан астам студентке арналған 30 жатақхана пайдалануға берілген.
Министрдің айтуынша, 7 500 колледж студенті мен 23 600 жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттар және докторанттар жатақхана орындарымен қамтылған.
Тұрғын үй саласында да оң көрсеткіштер тіркелген. Барлық қаржыландыру көздері есебінен 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 5 141 тұрғын үй сатып алынған.
Министр әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Фото: БАҚ.КЗ












