Қызылордадағы Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Нағи Ілиясов ауылында «Кітап керуені» акциясының ашылу салтанаты өтті. Шараға Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Жақсымұратұлы, зиялы қауым өкілдері және аудан тұрғындары қатысты, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Іс-шара барысында кітап көрмелері ұйымдастырылып, оқырмандар назарына түрлі әдебиеттер ұсынылды. Сонымен қатар, аудан басшысы кітаптың қоғамдағы орны мен рухани дамудағы маңызына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағымдағы жылдың мамыр айында «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойып, оқырмандарға арналған заманауи инфрақұрылымды дамытуға, цифрлық құралдарды кеңінен қолдана отырып жаңа форматтағы кітапханалар мен қоғамдық кеңістіктер құруға тапсырма берді. Сондықтан әлемдік өркениеттің көшінен қалмау үшін бізге ең алдымен білім, ізденіс және рухани дамуға ұмтылыс қажет. Ал бұл жолдағы ең сенімді серігіміз – кітап. Президентіміз өткен жылы аймағымызға жұмыс сапарымен келген кезде Астана және Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхананың Қызылорда қаласында ашылатынын жеткізген болатын. Бүгінде аталған кітапхананың іргетасы қаланды. Мұнда оқырмандар үшін барлық жағдай жасалмақ. Бұл – аймақ басшысының өңір тұрғындарына көрсеткен үлкен қолдауы, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Шара барысында кітапхана саласының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісі, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаты табысталды.
Сондай-ақ, «Үздік оқырман», «Ең белсенді оқырман», «Кітап жанашыры», «Үлгілі оқырман отбасы» және «Үздік жас оқырман» номинациялары бойынша үздіктер марапатталды.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Фото: Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *