Криптонарықтағы сауда-саттық көлемі $10,58 млрд-қа дейін өсті
Реттелетін криптонарықтағы сауда-саттық көлемі 2023 жылғы $320 млн-нан 2025 жылы $10,58 млрд-қа дейін өсті. Бұл жайлы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мамандары мәлімдеді.
Бүгінде Қазақстанда 76 лицензияланған майнер және 5 аккредиттелген майнинг пулы жұмыс істейді. Тізілімге шамамен 470 мың бірлік жабдық енгізілді. Құрылған реттеу жүйесі саланың өндірістік көрсеткіштерін бақылауға, оның ашықтығын және бюджетке салықтардың түсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов баяндады. Оның айтуынша, майнинг пулдары арқылы өндірілген цифрлық активтер туралы тұрақты есептілік алынып, саланың нәтижелері нақты көрінеді. Сонымен қатар «Астана» халықаралық қаржы орталығы арқылы криптобиржалардың реттелген жүйесі қалыптасты. Саладан түсетін салық түсімдері оң динамика көрсетуде. 2023 жылы бюджетке 9 млрд теңге, 2024 жылы – 9,9 млрд теңге, 2025 жылы – 22,4 млрд теңге түсті.
«Реттелетін криптобиржалар сегментінде де осындай динамика байқалады. 2022 жылы “Астана” халықаралық қаржы орталығы және қаржылық реттеушілермен бірлесіп криптобиржалар қызметін реттеу жөніндегі пилот іске қосылды. Оның негізінде криптобиржаларды лицензиялау мен жұмыс істетуге арналған толыққанды реттелген орта қалыптасты. Сауда айналымы 2023 жылғы $320 млн-нан 2025 жылы $10,58 млрд-қа дейін өсті. Пайдаланушылар саны 53 мыңнан 215 мыңға дейін артты»,— деді Ғиззат Байтұрсынов.
Көрсеткіштердің өсуі түсінікті әрі ашық қағидалар қалыптастырылған жағдайда реттелетін нарықтың қарқынды дамып, ауқымын жылдам кеңейте алатынын көрсетеді. Келесі кезеңде цифрлық активтер саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру және реттелетін цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту көзделеді.











