1 қазаннан бастап банктер мен микроқаржы ұйымынан (МҚҰ) онлайн несие алу ережесі ресми түрде өзгерді. Енді интернет арқылы кепілсіз несие немесе микроқарыз рәсімдеу үшін бірнеше батырманы баса салу жеткіліксіз, клиент міндетті түрде арнайы сауалнамадан өтуге тиіс.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі бекіткен жаңа талап, ең алдымен, алаяқтың арбауына түсіп қалатындарды қорғауға және несиені қайта қаржыландыру (рефинансирование) кезіндегі былықты тыюға бағытталған.

7 сұрақтан тұратын сүзгі: банк сізден нені білгісі келеді?

Бұрын алаяқтар телефон шалып, өзін «Ұлттық қауіпсіздік қызметкерімін» немесе «банктің қауіпсіздік бөліміненмін» деп таныстырып, адамды өз атынан несие алып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға оп-оңай көндіретін. Азаматтар психологиялық қысыммен 5 минуттың ішінде миллиондаған қарызға батып шыға келетін.

Енді бұған тосқауыл қою үшін кез келген онлайн қарыз аларда алдыңыздан 7 сұрақ шығады. Банк сізден мынаны сұрайды:

Несие алуды сізге кім ұсынды?

Өтінішті өз еркіңізбен беріп отырсыз ба, әлде біреудің айтуымен бе?

Ақшаны нақты қандай мақсатқа жұмсайсыз?

Шарттың пайызымен, қайтару кестесімен таныстыңыз ба?

Біреу сізге қысым көрсетіп, «тез ал» деп асықтырып жатқан жоқ па?

Кредит алып жатқаныңызды туысыңыздан немесе банк қызметкерінен жасыруға кеңес берілді ме?

Сізге жақында біреу қоңырау шалып: «Шотыңызға қауіп төнді, ақшаңызды құтқару керек» деді ме?

Егер жауаптан титімдей болса да күдік туса, банк автоматты түрде ақша аударуды тоқтатады. Клиентпен қайта байланысып, биометриялық тексеруден өткізеді, нөмірдің кімге тиесілі екенін тексереді. Қауіп сейілмейінше, несие берілмейді.

Қайта қаржыландыру (рефинансирование): ақша қолға берілмейді

Тағы бір өте маңызды өзгеріс кредиттерді біріктіру немесе пайызды төмендету мақсатында жасалатын қайта қаржыландыруға қатысты.

Бұрын қалай еді? Мысалы, сіздің пәленше банкте 1 млн теңге қарызыңыз бар делік. Пайызын жеңілдету үшін түгенше банктен арзанырақ несие рәсімдейсіз де, ақша қолыңызға түскенде көңіліңіз ауып, оны ескі несиені жабуға емес, той жасауға немесе басқа шығындарға жаратып жібересіз. Нәтижесінде бұрынғы бір қарыздың үстіне екінші қарыз жамалып, борыш екі есеге артатын.

1 қазаннан бастап бұл «қулық» өтпейді:

Егер сіз ескі қарызды жабу үшін жаңа банктен қайта қаржыландыру алсаңыз, ол ақша сіздің қолыңызға немесе картаңызға мүлдем түспейді.

Жаңа банк сіздің келісіміңізбен қаражатты тікелей бұрынғы қарызыңыз тұрған банкке немесе микроқаржы ұйымына аудара салады.

Ақша түскен бойда ескі қарыз 5 күннің ішінде автоматты түрде жабылады. Сізден ешқандай қосымша өтініш сұралмайды.

Бұдан кім ұтады, кімге қиын болады?

Көшедегі ата-апаларды адамдарды алдап ақша табатын қылмыстық топтарға үлкен соққы тиді. Себебі құрбанын «гипноздап», лезде ақша аудартып алатын жылдамдық енді жоқ, банктер клиентті сауалнамамен тоқтатып, ойлануға уақыт береді.

Сондай-ақ банктер енді онлайн несиенің барлық деректерін (қоңыраулар, хаттар, биометрия) кемінде 5 жыл сақтауға міндеттелді. Бұл кейін сотта шындықты дәлелдеуді жеңілдетеді.

Ал үнемі несие алып, оны басқа несиемен жауып, артық қаражатты басқа жаққа жұмсап үйренген тәртіпсіз борышкерлер үшін жағдай күрделене түсті. Енді қаржы тек нақты мақсатқа жұмсалады.

Жазба ertenmedia  телеграм парақшасынан алынды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *