Бауыржан Ғұбайдуллин, иә, иә, «Орал өңірі» газетінің редакторы Баукеңнің күнінде «КазГУград — ты» бірге «шайқаған» замандасы Табылды Досымов туралы жазған «Көзінен мұң көрдім..» — деген тамаша очеркі бар. Ол бард ақын туралы журналист емес, досы болып толғанады, «таланттың бағасын білмей жүрміз ғой..» — деп күйінеді. Мақала 2002 жылы жазылды, ал арада жеті жыл өткеннен кейін Аяштың ұлы дүние салды. Өкініштісі, Табылдының «көзіндегі мұңды» сол кезде Баукеңнен басқа ешкім көрмеді.

Талантты елеу — ескеру, бардың қадірін білу жайлы ой біздің басымызды да мазалап жүр. Бүгін сол мазаны ортаға шығарсақ, бұл жолы Табылды туралы емес, Баукеңнің өзі туралы айтсақ деп едік.

Жуырда Батыс Қазақстан өңірінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мейрамына орай шашылып – шашылып әр жерде шаралар өтті. Жайық өңіріндегі бас газеттің басшысын «Ақ үйдегі» салтанатты қабылдаудан, онда да үшінші не төртінші қатардан көріп қалдық. Құттықтау қабылдаушылар, марапат алушылардың ішінде болмады Баукең. Алмай жүрген марапат емес, керек болса Файзоллаұлы — 2017 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ал 2024 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен наградталған кісі. Бірақ, Бәукең күзде, Алла амандық берсе, алпыстың қақпасын ашып кіргелі отыр.
Биыл Ақжайықта «Бауыржан жылы» болатын жөні еді ғой. Бірақ, жылт жоқ.
Бауыржан Табылдының бойындағы сан өнердің тоғысын «Табылдының өлеңі мен әніне аққудың жұбындай жарасым, қатар өскен қайыңдай үйлесім тән» — деп шебер суреттеме жасайды. «Өз шапанын өзіне жапсақ», Бауыржан Ғұбайдуллиннің де журналистігі мен жазушылығы – бірі біріне аққудың жұбындай жарасқан.
Өзіміз Жымпитыдағы аты дардай аудандық газеттің қамытын арқамызға киіп жүрсек те, «Жайық Пресс» деп аталатын бір медиахолдингтің құрамында қызмет атқарсақ та Бауыржан Ғұбайдуллиннің әріптесіміз деп әсте керіліп, кербезденіп көрмеппіз. Себебі, біз Бауыржан Файзолланың оқырманы ғанамыз.
Шынында да, Бауыржан Ғұбайдуллинді тану үшін – оның жазғанын оқу ләзім. «Ақ желкен», «Зерде», «Халық кеңесі», «Алтын Орда», «Айқын», «ҚазТАГ» сықылды республикалық ақпарат беттерінде және «Қазақстан-Заман» халықаралық газетінде қалам тербеген авторды оқырмандары әлі іздейтіні рас. Оның 2000 жылдардың бедерінде республикалық басылымдарда жарық көрген «Ұл қызыңыз қай дінде?», «Ендігі шу судан шықпасын» деген материалдары бүгін де өзектілігін жоғалтпай тұр. Ал, кейіпкерлер әлемі бойлау, көңіл парағын ашып оқу – кәнігі журналистке ғана тән машық. Бауыржан Ғұбайдуллинмен сапарлас бола жүріп, ауылдағы қариямен көрші баладай қауқылдаса қалатынын, малшымен анау қырдан жоқ іздеп келе жатқан адамдай жөн сұраса кететінін көргенбіз, әкімдермен галстуг теңестіре пікірлесіп, педагогпен қарсы кабинетте жұмыс істейтін әріптесіндей оқу бағдарламасын талқылап кете беретініне талай куә болғанбыз.
Бауыржанның жазушылығымен – ақ қазақ әдебиетінің бір бұрышын тіреп тұр десек, артық айттың деп ешкім айыптамас. Шашын артқа қайырып, шалқайып жүретін қаламгерлер көппіз, ал дүниеге баланың көзімен қарап, тілімен сөйлеп жүрген Баукеңдей жазушылар ғой.
Бауыржан Ғұбайдуллиннің балалар әдебиетіне салған олжасы – ордадай. 2001 жылы Алматыдағы «Өлке» баспасынан «Күн бала» атты алғашқы кітабы шықты. «Күн баланың» сапары сәтті болып, «Жиһангез Ақкербезге» жол ашты. 2014 жылы «Жаныма жақын жағалау», 2020 жылы «Биленбеген вальс» шықты.
2024 жылы Алматыдағы «Мазмұндама» баспасынан «Жиһанкез Ақкербез» қайта басылды және Астанадағы «Жарқын іс – Славное дело» баспасынан «Ойыншықтар көтерілісі» оқырманға жетті.
Бауыржанның балаларға арналған үш әңгімесінің ақын Байбота Қошым-Ноғайдың редакторлығымен шыққан «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы» атты 10 томдыққа енді.
Ғұбайдуллин – бірнеше тілге аударылған жазушы. Әдеби шығармаларының ағылшын, араб, француз, неміс, бенгал, парсы, қытай, қырғыз, ұйғыр, орыс, беларус тілдерінде сөйлеуі – Бауыржан Файзоллаұлының әдебиеттің сарайына кіріп – шығып кетуге келмегенін көрсетпей ме?
Мына бір фактіге де көңіл аудару қажет. Бауыржан Ғұбайдуллиннің балдырғандарға арналған кейбір шығармалары бастауыш сыныптардың оқулықтарына енген. Мұндай құрметке Жайықтан шыққан ақындардың ішінен қателеспесек Қадыр ғана лайық болған шығар. Қадекең бүгін жоқ, ал Бауыржан арамызда жүр.
Биыл қыркүйекте Бауыржан Ғұбайдуллин 60 – қа толады. Сүмбіленің суы сууына да бір – екі ай қалды.
Жазушы – журналисттің мерейлі тойын Жайық өңірі қалай өткізбек? Той қылатын болса, дүбірі неге естілмейді? Қыркүйек туғасын, Баукеңді әкімдікке шақырып, шапан жауып, арқыраған арғымақтар бейнеленген картина сыйлаумен таланттың бағасы тола ма?
Біздіңше, Бауыржан Ғұбайдуллиннің мерейлі жасына арналған шаралар жоспары жылдың басында – ақ бекітілуі тиіс еді. Ендігі жерде ала жаздай кітапханаларда, лагерлерде балалар жазушысының шығармаларынан балалар арасында байқаулар өтіп, азан – қазан болып жатуы жөн еді ғой. Тып – тыныш.
Баукеңнің өзі туған Теректі даласы перзентінің құрметіне не бағдарлама дайындап отыр екен? Теректі ауданындағы қосымша білім беру ұйымдарынан жазушы, журналист Ғұбайдуллин атындағы кабинет ашылса құба – құп еді.
«Мына жұртым неғып жатыр тойламай?» — дегендей, «Жерде жатқан жазушы жоқ. Одақ неге Бауыржанын іздемейді?» — дейін десең, Қазақстан Жазушылар Одағының Батыс Қазақстан облысындағы филиалының басшысы — Бауыржан Ғұбайдуллинің өзі. Өз атын өзі шақырған көкек құсап, өзіне өзі шара жасап жатса, ыңғайсыз ғой.
Сондықтан, «ақынды ақын сүйемесе болмайды» деп , қаламдас інісі ретінде жазушы ағамның басын бұлдайын, бағасын білдірейін деп осы жазбаны жазып отырмын.
Ол Табылдының көзінен мұң көрсе, мен Баукеңнің көзінен мұң көрдім…

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
ақын, журналист,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *