Ахмет Байтұрсынұлы Қызылорда қаласында тұрған
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы Қызылорда қаласында тұрды. Анығын айтсақ, 1925–28 жылдары Ахаң Алаштың анасы һәм астанасы атанған аймақта ағартушылықпен айналысты. Қазақ халық ағарту институтында еңбек етті. Төрт жылдың төңірегінде тұтас қазақтың қажетіне жараған кітаптарды жазды. Мәселен, “Тіл-құрал”, “Тіл-жұмсар”, “Оқу құралы”, “Әліпби, жаңа құрал”, “Әдебиет танытқыш”, “Жоқтау” атты жинақтары Сыр топырағында туды, жарық көрді. Иә, Қызылорда кезеңі қайраткер ғұмырының ең жемісті жылдарының бірі болды.
Бірақ Байтұрсынұлының Сыр еліндегі сәттері әлі де зерттеуді қажет етеді. Белгілі ғалым Аман Абасилов ағай осылай дейді. Дейтұрғанмен, жоқ та емес. Осы тұста Р. Имаханбет, Б. Алиева, С. Жауымбаев секілді ғалымдардың еңбегіне ерекше тоқталуға болады.
Ең қызығы, қазақ қайраткерінің Қызылордада қай тұста тұрғаны белгілі. Бұл жайлы Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Міржақыпқызы “Алаштың сөнбес жұлдыздары” және “Шындық шырағы” атты естелік еңбектерінде жазады. “Қызылордаға келісімен орналасқан үйіміз Ерғали Қасымов төренің үйі болатын – Садовая, 7. Кейін Селиверстова, 17. Үйдің бір бөлігі Байтұрсыновтың семьясына қарайтын да, ал екінші бөлігінде біздер – Дулатовтың семьясы тұратынбыз… Осы үйде біз 1925 жылдан 1929 жылға дейін, әкем қамалғанша А. Байтұрсыновтармен бірге тұрғанбыз”, – дейді.
Ал Аман ағай: “Бұл — бүгінгі Қызылорда қаласындағы «Мәңгілік алау» мемориалының аумағы. Кейінгі жылдары көше таратылып, үйлер сүрілген”, — дейді. Ал қазір Ахаң жайлы онда бірде-бір белгі жоқ… Иә, өңірде А. Байтұрсынұлы атындағы көше, мектеп бар. Дегенмен, өзінің табаны тиіп, тұрмыста тіршілік еткен орнына арнайы мүсін керек-ақ. Мұны да ғалымдар айтып отыр және бұл бастама бірінші рет көтеріліп отырған жоқ, көпшіліктің көптен бергі көкейіндегі ісі. Ендігісі — елдегі ағаларға аманат.













