Қылмыстық іс қозғалды: Ресей әскеріне питбайк сыйлаған Нұрлан Сабыровтың басы дауға қалды
Украина қауіпсіздік қызметі қазақстандық стендап-комик Нұрлан Сабыровқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады,- деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.
Украиналық заңгер Андрей Пронин өзінің Telegram-арнасында оның арызы негізінде Украина азаматы емес Нұрлан Сабыровтың ықтимал қылмыстық құқықбұзушылығы жөніндегі мәлімет Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілгенін жазды. Тергеу Украина Қылмыстық кодексі 111-2-бабы 1-бөлігі («Басқыншы мемлекетке жәрдемдесу») бойынша жүргізілуде.

Фото: Ашық дереккөз
Ресми мәліметке сәйкес, тергеу аясында Сабыровтың ресейлік қарулы құрылым өкілдеріне материалдық ресурстарды дайындап, тапсырғаны туралы ақпарат тексеріледі. Заңгердің айтуынша, егер кінәсі дәлелденсе, комикке қатысты халықаралық іздеу жарияланып, Интерпол желісі арқылы шара қолданылуы мүмкін.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде әртістің 2025 жылдың жазында «Вагнер Истра легионы» деп аталатын құрылым жауынгерлеріне он питбайк жібергені туралы бейнежазба тараған болатын. Кейін бұл жазба өшірілгені хабарланды.
Аталған жағдай Нұрлан Сабыровқа Ресейге кіруге 50 жылға тыйым салынғаны туралы ақпараттан кейін қайтадан қоғам назарын аударды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.












