Қанша оқушы тегін тамақпен қамтылды?
Елімізде 1,6 млн-ға жуық оқушы тегін тамақпен қамтылған,- деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елдегі білім беру ұйымдарында 1,4 млн бастауыш сынып оқушысы тегін тамақпен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар, 5–11 сыныптарда білім алатын халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 252 мың бала жеңілдетілген негізде ыстық тамақ алады. Осылайша, жалпы саны 1,6 миллионға жуық оқушы мемлекет қолдауына ие болып отыр.
Тамақтандыруға 201 млрд теңге бөлінді
Оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру мақсатында жергілікті бюджеттерден 201 млрд теңге қарастырылған. Қолданыстағы Бюджет кодексінің 31 және 32-баптарына, сондай-ақ «Білім туралы» заңның 6-бабына сәйкес, бұл шығындар жергілікті атқарушы органдар есебінен қаржыландырылады. Яғни, мектеп асханаларын қаржыландыру өңірлік бюджеттер арқылы жүзеге асырылады.
Орташа тариф – 775 теңге
2026 жылдың басынан бастап облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері инфляция деңгейін және статистикалық деректерді ескере отырып, мектеп мәзіріне арналған тарифтерді қайта қарады. Нәтижесінде, бір балаға арналған орташа тамақтану құны 775 теңгені құрады.
Бір реттік ыстық тамақтың ең жоғары бағасы Астана қаласында – 951 теңге. Одан кейін Алматы қаласы (901 теңге), Шығыс Қазақстан облысы (896 теңге), Солтүстік Қазақстан облысы (872 теңге), Павлодар облысы (868 теңге), Қарағанды облысы (817 теңге), Шымкент қаласы (813 теңге), Түркістан облысы (813 теңге), Ақмола облысы (808 теңге), Қостанай облысы (806 теңге) және Ұлытау облысы (803 теңге) тұр.
Ал ең төменгі тариф Жамбыл және Алматы облыстарында тіркелген.
Осылайша, өңірлердегі баға айырмашылығы жергілікті нарықтағы орташа құн мен инфляция деңгейіне байланысты қалыптасып отыр.

Фото: Ашық дереккөз












