Қызылорда: Жаңақорғандық аналар құрметке бөленді
Қызылордадағы Жаңақорған ауданында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Әйел – әлемнің нұры» атты мерекелік салтанатты шара өтті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Мереке күні М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Мажит Самитовтың қатысуымен аяулы аналар мен қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді. Салтанатты кеш «Өмірді әлдилеген әйел» атты әсерлі прологпен басталды.
Іс-шараның ашылуында аудан әкімі Мажит Самитов ару-аналар қауымын көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, әйелдердің қоғамдағы орны мен маңыздылығына тоқталды.

– Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әйел – ұлттың айнасы. Себебі жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі сіздерден, әйел-ананың ақ сүті мен ақ ниетінен тарайды. Бүгінде қыз-келіншектеріміз отбасы жауапкершілігімен қатар түрлі салада табысты еңбек етіп келеді. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, мәдениет салаларындағы арулардың еңбегі айрықша, – деді аудан басшысы.
Шара барысында еңбегімен ерекшеленіп, қоғам дамуына үлес қосып жүрген бірқатар нәзік жандылар мен өнегелі өмір жолымен кейінгі ұрпаққа үлгі болып жүрген ардагер аналар облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен, сондай-ақ ауданның Құрмет грамотасымен марапатталды.

Мерекелік кеште қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Кеңес Әлімжан әннен шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Жергілікті өнерпаздар өз өнерлерін паш етіп, аяулы аналар мен қыз-келіншектерге әсем әндерін арнады.
Фото: Жаңақорған ауданы әкімдігі












