Қызылорда қаласында «Татулыққа тағзым, адамзатқа алғыс» мерекелік шарасы өтті
Сырдың бас шаһары — Қызылордадағы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі ғимаратында «Татулыққа тағзым, адамзатқа алғыс» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Тағылымды басқосу ел бірлігі мен қоғамдық келісім құндылықтарын дәріптеуге арналды, хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Мерекелік жиында Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Айдын Қайруллаев сөз сөйлеп, Алғыс айту күні – қазақстандықтардың бір-біріне деген құрметі мен ризашылығын айқындайтын маңызды мереке екенін атап өтті. Ол бұл күннің татулық пен тұрақтылықты нығайтудағы орны ерекше екенін айтып, барша тұрғындарды ынтымақ пен өзара сыйластықты сақтауға шақырды.

Шараға «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов, облыстағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары, орталықтың шығармашылық ұжымдары және Ассамблея жастары қатысты. Жиын барысында түрлі этнос өкілдері қазақ жеріне деген алғыстарын білдіріп, елдегі бейбітшілік пен келісімнің қадір-қасиетін ерекше атап өтті.

Салтанатты кеш аясында бірқатар азаматтар марапатталып, қоғам өміріне белсенді араласып жүрген жандарға құрмет көрсетілді.

Мерекелік бағдарлама концерттік нөмірлермен жалғасты. Орталықтың шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары патриоттық және халықтық әндерді орындап, ұлттық билерді сахналады. Әрбір өнер көрсетілімінде елге деген сүйіспеншілік пен ризашылық сезімі айқын аңғарылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Фото: Қалалық мәдениет және
тілдерді дамыту бөлімі












