Референдум алдындағы «тыныштық күні»: Қандай шектеулер бар?
Қазақстанда 14 наурыз сағат 00:00-ден бастап референдум алдындағы «тыныштық күні» басталады. Осы уақыттан бастап дауыс беруге «жақтап» немесе «қарсы» шақыратын кез келген үгіт-насихат материалдарын жариялауға тыйым салынады.
Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға сәйкес, референдум алдындағы күні және дауыс беру күні кез келген үгіт-насихатқа жол берілмейді.
Яғни бүгін түннен кейін референдум мәселесі бойынша азаматтарды «қолдаймын» немесе «қарсымын» деп дауыс беруге шақыратын материалдарды жариялау заң бұзушылық болып саналады.
Сондай-ақ референдум алдындағы бес күн ішінде қоғамдық пікір сауалнамасының нәтижелерін, дауыс беру нәтижесіне қатысты болжамдарды және осы тақырыптағы зерттеулерді жариялауға тыйым салынған.
Заң талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға 43 250 теңге, ал заңды тұлғаларға 108 125 теңге көлемінде айыппұл салынады.
Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, референдум өткізу кезеңінде заң талаптарын бұзудың 106 дерегі анықталған.
Сонымен қатар «тыныштық күні» мен дауыс беру күні қоғамдық пікір сауалнамасының нәтижелерін жариялау, жалған ақпарат тарату және жиналыстар, митингілер, шерулер мен пикеттер өткізу тәртібін бұзу да заңнамаға қайшы келеді.
Ал референдумның өткізу мерзімі, тәртібі мен талаптары туралы түсіндіру сипатындағы ақпараттық материалдарды жариялауға рұқсат етіледі.
Фото: Арман Мухатов












