Наурызнама онкүндігінде белгілендей, 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Иә, қоғам арасында әрқашан мейірімділік пен жанашырлық болса, ел ішінде бауырмалдық, туысқандық іргесі сөгілмес. Бұл күні татулық артып, көшпелі ата-бабадан келе жатқан қол ұшын беру үрдісі тағы бір жандана түсетіндей.

Игілікті істі насихаттауға осы күн бекер арналмады. Ел ішінде мазмұнды дәстүрді тереңдете беру қайырымдылық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ете беретіні сөзсіз. Сондықтан осы күні жомарт жандардан бөлек, бүкілхалықтық түрлі қолдау шаралары ұйымдастырылады. Кәсіпкерлер мен еріктілер қарттар мен балалар үйін, сондай-ақ көпбалалы отбасыларды құттықтап, дағдарыс орталықтарына арнайылап барады.

– Жылдағы дәстүрмен тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, дәрі-дәрмек, басқа да қажеттіліктерін табуға көмек көрсетеміз. Қасиетті Рамазан айымен қатар келген Наурыз мерекесі, оның ішінде Қайырымдылық күні біздің еріктілер қаладағы оқу орындары мен мектептермен бірлесіп, жұмыс атқаруда. Аталған ұжымдармен бірге қайырымдылық қоржынын жинап, оның алды үйлестіріліп де жатыр. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер бастамасымен көп игі жұмыстар атқарылуда, – дейді Қызылорда облыстық волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Болатбек Айтбенбетов.

Атаулы күні Сыр еліндегі әр ауданда да мазмұнды шаралар қолға алынған. Мемлекеттік мекемелердің бастамасымен мұтаждарды қолдау, көмек беру ісі көбейді. Айталық, Наурызнама онкүндігі қарсаңында Арал ауданы мемлекеттік мекемелері және жергілікті мәслихат депутаттары тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырылымдық көрсетуден шет қалмады.

– Жыл сайын Әз Наурыз мерекесі қарсаңында «Наурыз шапағаты» қайырымдылық шарасы өткізіліп келеді. Осы арқылы халықтың әлжуаз топтарына, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға, мүгедектер мен жалғызбасты қарт кісілерге, жетім және қамқоршысынан айырылған балаларға қайырымдылық көмек көрсетілуде. Азық-түлік себеттерін тарату жұмыстары басталып кетті. Сондай-ақ есепте тұрған жалғызбасты 113 қарттың үй ауласында тазалақ жұмыстары жүрді, –  дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғалия Тоғысова.

Бұдан басқа, аймақтағы кейбір білім ордаларында ұжым ауызбіршілігін арттыру, мейірімділік пен айналасына жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу мақсатында «Шын жүректен» атты қайырымдылық акциясы да ұйымдастырылған.

Айта кетейік, Қайырымдылық күні Қызылорда қаласы мен аудан орталығындағы қоғамдық көліктер халыққа тегін қызмет көрсетуде. «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-нің мәліметінше, мұндай шешім тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу үшін ұйымдастырылған.

Ержан ҚОЖАС,

Қызылорда

Фото: ашық дереккөз

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *