Қаратау етегіндегі елде Шаңырақ күні тойланды
Қызылордадағы Жаңақорған ауданының Түгіскен ауылында Наурызнама онкүндігі аясында «Шаңырақ» күніне орай «Бір ауыл — бір қазан» атты мерекелік шара өтті. Оған аудан әкімі Мажит Самитов те қатысқан еді.

Шарада киіз үйлер тігіліп, қолөнер шеберлерінің бұйымдары мен ұлттық киімдердің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Ақ дастархан жайылып, Наурыз көже таратылды. Алтыбақан орнатылып, ұлттық аспаптар оркестрі мен ауыл өнерпаздары өнер көрсетіп, халыққа ұлттық шығармаларды тарту етті. Сондай-ақ Жаңақорған төбе, Қандөз, Қаратөбе, Келінтөбе, Түгіскен және Қожакент ауылдық клуб қызметкерлері «Бір ауыл – бір қазан» атты театрландырылған қойылым ұсынды.

Шараның ашылуында аудан әкімі Мажит Самитұлы жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, «Шаңырақ» күнінің маңызына тоқталды.
– Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі аясында аталып өтіп жатқан «Шаңырақ» күнімен шын жүректен құттықтаймын! Шаңырақ күні – отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті насихаттайтын ерекше күн. Қазақ халқы үшін шаңырақ – отбасының, ұрпақтың және бірліктің символы. Кеше ғана еліміз үшін маңызды саяси науқан – республикалық референдум өтті. Сыр елі бұл референдумға қатысу белсенділігі бойынша республика өңірлері арасында ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Бұл жетістікке жаңақорғандықтардың да лайықты үлесі бар, – деді аудан басшысы.

Мерекелік кеште аудан өнерпаздары өнер көрсетіп, тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ облысымызға белгілі түгіскендік дизайнер Айзат Мырзаеваның ұлттық киімдерінің көрсетілімі ұсынылды.

Фото: Жаңақорған ауданы әкімдігі












