Қызылорда облысында құс фабрикасы іске қосылады
Қызылордадағы Жаңақорған ауданында «Абдулла» шаруа қожалығының жаңа құс фабрикасы іске қосылатын болады. Фабрика жылына 3500 тонна құс етін өндіруге арналған, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 1 мың гектар жер телімі бөлінді. Жобаның құны – 5,2 млрд теңге. Жоба толық іске қосылғанда 120 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жобаны іске асыруға «Союз Пром Птица» компаниясы тартылған. Қазіргі уақытта 12 құс қорасының 8-і, 1 құс сою цехы, 1 балапан ашатын цех, 1 әкімшілік және 1 техникалық қызмет көрсету ғимараты толық аяқталып, мұздатқыштар орналастырылған.
Қалған 4 құс қорасының құрылысы жүргізілуде, арнайы техникалар мен құрал-жабдықтар алынған. Сонымен қатар, қабылдау актісін алу үшін құжаттар рәсімделуде.
Бұл жоба өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, өндірістік әлеуетін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Фото: Жаңақорған ауданы әкімдігі










