15 сәуірде қазақтың «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» мерекесі тойланады. Бұл күн – ғасырлар қойнауынан жеткен шынайы махаббаттың, адалдық пен сертке беріктіктің символы. Ал осы күні сүйгеніңізбен ғашықтар туралы қандай кино көруге болады?

Ғашықпын саған

Биыл ғана шығып, қазақстандықтардың жүрегін жаулаған «Ғашықпын саған» фильмі ақпан айында прокатқа шықты. Режиссері – Думан Еркімбек. Басты рөлде Шұғыла Ешен (Еңлік) мен Жасұлан Көпберген (Арман) ойнайды.

Еңлік – Алматыға оқуға келген студент. Отбасына көмектесу үшін арманынан бас тартып, жұмыс іздейді. Кездейсоқ оқиғадан оны университеттен шығарып жібереді, ал ол шындықты анасына айтуға қорқады. Сол түні ол музыкант болуды таңдаған Арманмен танысады. Екеуі бірге жұмыс істеп, уақыт өте достық пен махаббатқа жақындайды. Үлкен қала олардың армандары мен сезімдерін сынаққа салып, маңызды таңдау жасауға мәжбүр етеді.

Өкінішке қарай фильм әлі де ашық алаңға шықпады, яғни фильмді кез келген жерден тегін көре алмайсыз. Кей платформаларда ақшаға сатып алып көре аласыз, алайда фильмді сатып аларда абай болуыңызды сұраймыз.

Рэкетир 2: Возмездие

Фильм сонау 2015 жылы жарыққа шыққан. Аталмыш фильмнің 3 маусымы бар, бірақ махаббат 2-маусымында ашық көрсетіледі. Фильмнің алғашқы шыққан маусымында Руслан есімді рэкет басшысы серіктесі Жанның арнайы тапсырыспен жіберген адамдары өлтіреді. 2015 жылы шыққан бұл маусымда Русланның інісі Болат ағасы үшін кек алуға бел буады. Қарағанды қаласының беделді рэкеті Болат ағасын кім өлтіргені туралы бар шындықты білу үшін Шымкентте тұрып жатқан Саянға барады. Одан толыққанды ақпарат ала алмаған соң Алматыға ағасын өлтірген Жанға келеді. Бірақ ол кезде Русланды өлтіруге Жан тапсырыс бергенін Болат білмеді. Сол тұста Болат Жанның қызы Альбинаны кездестіріп, екеуінің арасында махаббат дастаны болады.

Фильм барлық платформада бар, кез-келген жерден тегін көре аласыз.

Қыз Жібек

«Қыз Жібек» фильмі 1972 жылы түсірілген фильм. Кинодағы актёр мен актрисаның өз рөлін керемет сомдап шыққаны сонша, марқұм Асанәлі Әшімов Бекежан есімді жауыздың рөлін сомдағаны үшін үлкен кісілердің қарғысына қалды деген сыбыстар бар. 

Фильм қазақ кино өнерінің алтын қорына енген, мәңгілік махаббат тақырыбын арқау етті. Аталмыш туындыда сұлу да ақылды Жібек пен батыр, сері жігіт Төлегеннің арасындағы шынайы сезім баяндалады. Олардың махаббаты – таза, пәк, адал. Алайда тағдыр мен сыртқы күштер қос ғашықтың бірге болуына мүмкіндік бермейді. Қызғаныш, бақталастық пен қатыгездік бұл сезімнің жолына кедергі келтіріп, оқиға қайғылы аяқталады. Фильм тек махаббат хикаясы ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін, эстетикасын терең көрсететін ұлттық мұра. Әсем табиғат көріністері, ұлттық киімдер мен музыка көрерменді сол дәуірдің рухына жетелейді.

«Жаным менің» сериалы

«Жаным менің» – қазіргі заманның махаббат пен тағдыр тақырыбын қозғайтын драмалық сериал. Оқиға желісі екі жастың бір-біріне деген шынайы сезімі арқылы өрбиді. Алайда олардың махаббаты оңай жолмен өрбімейді. Өмірлік қиындықтар, түсініспеушіліктер мен сыртқы кедергілер сезімнің беріктігін сынаққа салады. Фильм 80 жылдардың көрінісіндегі ҚазҰУ-дағы журналистика факультетінде танысқан Жаным мен Арманның махаббат оқиғасы жайында болады.

Сериалдың басты ерекшелігі – кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін, эмоциясын шынайы жеткізуі. Әр бөлімде махаббаттың тек қуаныш емес, сонымен қатар ауыр жауапкершілік пен күрес екенін көрсетеді. Егер сіз сериал көргенді ұнататын болсаңыз, 11 бөлімнен тұратын бұл телехикаяны бір деммен көріп шыға аласыз.

Бақыт құшағында

Фильм Шәмші Қалдаяқов әндерінің желісімен түсірілген. Мюзикл жанрындағы алғашқы фильм. Бақыт бірнеше дипломы бар, бірақ жұмысы жоқ жігіт. Науқас інісін емдеп, қарт анасына қамқорлық жасауды армандап, отбасымен бірге Арыс қаласынан Астанаға көшіп келеді. Мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған Бақыт мұнай холдингінің беделді басшысы Әлібекке жеке көмекші болып орналасады. Сол жерде ол әдемі және өршіл қызды кездестіреді және олардың арасында махаббат пайда болады. Алайда тағдыр оларға жаңа сынақтарды дайындап қояды.
Фото: ашық дереккөз

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *