17400 көшет, 10 мың тонна қоқыс: Сырдария ауданындағы сенбілік жұмыстары қарқынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы Қызылорда облысында жүйелі жұмыс атқарылуда, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Өңірге қарасты Сырдария ауданында өткен жылы сенбілік ұйымдастырылып, оған кент, ауылдық округтерде және аудан орталығында орналасқан барлық мекеме, кәсіпорындардан 32 400 адам қатысып, 245 техника күші тартылған. Сондай-ақ былтыр ауданда 17 400 түп әртүрлі ағаш көшеттері отырғызылып, 10 000 тонна күл-қоқыс шығарылыпты. 25 шақырым аяқсу арығы мен су өтетін трубалар тазаланды. Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жылдың сәуір айының 22-26 аралығында тазалық апталығы өткен.

Ал биыл жергілікті бюджет есебінен санитарлық тазалау жұмыстарына 22,5 млн теңге бөлінген. Осы жылы көркейту-көгалдандыру жоспарына сәйкес 11 700 тал көшетін егу қажет болса, бүгінге дейін 2500 түп егілген. Алдағы уақытта тал егу жұмыстары жалғаса береді.

Қазір Сырдария ауданындағы тұрғындарға абаттандыру мен ортақ пайдаланатын орындарды ластамау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ескертпе хат таратылған. Соған қарамастан жыл басынан елді-мекендерді абаттандыру қағидасын бұзған 169 азамат анықталып, жауапкершілікке тартылды. Олардың 166-на ескерту берілсе, 3 тұрғын қомақты айыппұл арқалаған. Сонымен қатар, қоғамдық орындарды ластаған 3 азаматқа да айыппұл салынған.

Фото: Сырдария ауданы әкімдігі












