2021 жылы ел Үкіметі 2030 жылға дейінгі Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын қабылдап, табиғи өсімнен бөлек, балықтың тұрақты түрде көбеюін қамтитын аквашаруашылық субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын кеңейте бастады, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Қазір ел бойынша 700-ден астам балық шаруашылығы субъектісі жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі Түркістан, Жамбыл, Атырау, Қызылорда, Алматы және Шығыс Қазақстан облысында орналасқан.

Қызылорда өңірінде де 2030 жылға дейін балық өсіру көлемі 16 мың тоннаға дейін жеткізілмек. Сондай-ақ тауарлы балық өсіретін шаруашылық санын 55-ке жеткізу жоспарланыпты. Бүгінде осындай шаруашылық құру облыстағы әр ауданда жанданып келеді. Айталық, екі жыл бұрын Қазалы ауданыдағы Басықара ауылында «Арал Рыбторг» ЖШС жалпы көлемі 464 гектар жерді құрайтын балық тоғаны шаруашылығы құрылысын бастады. Ал былтыр аталған серіктестік өз тоғандарына су жіберіп, 360 мың түрлі шабақ салған.

– Қазалы ауданында өндірістік қуаттылығы үш жыл ішінде 1000 тоннаны құрайтын тоған шаруашылығын құру жобасы  жеке инвестиция есебінен іске асырылды. 464 гектар тоғанның 362 гектарына тауарлы балық өсіріледі. Тоған жанынан серіктестік басшылары инкубациялық цех ғимаратын салуды жоспарланып отыр. Мұнда тұқы тектес балық түрлері өсіріліп, арнайы бағымнан соң нарыққа шығарылады, – дейді Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров.

«Арал Рыбторг» ЖШС-нің жетекшісі Қуаныш Өмірзақовтың айтуынша, алдағы күзде тоғандардан 500 тоннаға жуық тауарлы балық алып, жергілікті сауда сөрелерінде қолжетімді бағамен халыққа ұсынылатын болады. Қазір шаруашылықта 4 жаздық тоған болса, оның екеуіне балық жіберілген. Кәсіпкер 2027 жылға қарай шаруашылықта тағы да балық тоғандарын іске қосып, жергілікті халықтан 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтитынын айтып қалды.

«АралРыбторг» серіктестігінің құны 650 млн теңге болатын тауарлы балық өсіру жобасы өңірде саланы дамытуға, жергілікті өнім көлемін арттыруға және ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін күшейтуге бағытталған. Жобаның 308 млн теңге қаржысы кәсіпкердің өз есебінен болса, қалған 342 млн теңгесін несиелеуге «Байқоңыр әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы құжаттары ұсынылыпты.

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *