Жастар және жасанды интеллект: Қызылордада «GENERATIVE AI» жобасы жүзеге асуда
Қазіргі цифрлық дәуірде жасанды интеллект технологиялары қоғам өмірінің барлық саласына қарқынды енгізіліп келеді. Осыған байланысты жастардың жаңа технологияларды меңгеруі мен заманауи дағдыларды игеруі аса маңызды. Осы бағытта Қызылорда қаласында «GENERATIVE AI» жобасы қолға алынды.
Аталған жоба «AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалының бастамасымен, IT орталықтар, білім беру ұйымдары, жастар ұйымдары, сарапшылар, стартап қауымдастықтар және үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен жүзеге асырылуда.
Жобаның негізгі мақсаты – жастардың Generative AI технологияларын меңгеруіне мүмкіндік жасап, олардың цифрлық және креативті дағдыларын дамыту, сондай-ақ болашақ IT және инновациялық бағыттағы мамандарды қалыптастыру.
Жоба аясында 16–28 жас аралығындағы жастарды қамту көзделген. Жалпы 300 қатысушы тіркеліп, арнайы іріктеу кезеңінің нәтижесінде 30 үздік қатысушы негізгі оқу бағдарламасына қабылданды. Іріктеу барысында қатысушылардың логикалық ойлау қабілеті, цифрлық сауаттылығы, креативтілігі және жаңа технологияларды меңгеру деңгейі бағаланды.
Оқу кезеңі бірнеше бағытты қамтиды. Қатысушылар жасанды интеллект негіздерімен танысып, Generative AI құралдарын – мәтін, сурет, видео және код генерациялайтын жүйелерді қолдануды үйренеді. Сонымен қатар, prompt engineering, цифрлық контент жасау, автоматтандыру және стартап жобаларды әзірлеу бағытында білім алады.
Практикалық кезеңде қатысушылар командалық форматта жобалар әзірлеп, хакатондар мен воркшоптарға қатысады. Жоба соңында үздік жұмыстар анықталып, қатысушылар өз жобаларын қорғап, арнайы сертификаттарға ие болады.
Осы жобаның алғашқы іс-шараларының бірі ретінде Қызылорда қаласындағы IT PARK базасында «GENERATIVE AI» тақырыбында екі күндік семинар ұйымдастырылды. 16–17 сәуір күндері өткен семинар барысында қатысушылар жасанды интеллект көмегімен цифрлық контент жасау және генеративті AI негіздері бойынша тәжірибелік білім алды.
Семинарға 30 жас қатысып, оқу қорытындысы бойынша барлығына сертификаттар табысталды. Қатысушылар заманауи технологиялардың мүмкіндіктерімен танысып қана қоймай, оларды күнделікті өмірде және кәсіби қызметте қолдану жолдарын меңгерді.
Жалпы, «GENERATIVE AI» жобасы жастардың цифрлық әлеуетін арттырып, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған маңызды бастама болып табылады. Мұндай жобалар жас ұрпақтың инновациялық ойлауын қалыптастырып, жаңа буын IT мамандарының қалыптасуына негіз қалайды.












