Бүгін қалалық мәслихаттағы фракция мүшелері Ибраким Басықараев, Раушан Ысқақова және Нұрлан Тұрғанбаев «Магистралды желі» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесіп, өңірді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын талқылады. Жиын барысында депутаттар қала мен оған қарасты кенттердегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге кеңінен тоқталып, партияның Сайлауалды бағдарламасының іске асырылуы туралы есеп берді.
Кездесуде алдымен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға негізделген «Ауыл аманаты» жобасының аралық нәтижелері баяндалды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан басталған бұл бастама аясында Қызылорда қаласына қарасты кенттер мен ауылдық округтердегі 89 жобаға 754,7 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие бағытталды. Бұл қолдаудың нәтижесінде өңірде 112 жаңа жұмыс орны ашылып, 45 шағын цех пен 7 өндірістік кооператив іске қосылды. Биылғы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды: 2026 жылға қала ауылдары үшін 86 жобаны 761 млн теңгеге қаржыландыру межесі бекітілген. Қазірдің өзінде 10 жоба несиелендіріліп, тағы 38 жобаның құжаттары тиісті комиссия қарауына дайындалған.
Сонымен қатар, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасының маңызы ерекше атап өтілді. 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бұл әлеуметтік бастама аясында қала тұрғындарына отбасылық бюджетті жоспарлау және несиелік тәуекелдерді алдын алу бойынша жүйелі білім берілуде. Мәселен, өткен екі жылда 4 мыңға жуық азамат арнайы курстардан өтсе, 2025 жылдың басынан бері тағы 5 453 адам тіркеліп, қаржылық және құқықтық қолдауға ие болды. Тұрғындар арасында әсіресе несиені қайта құрылымдау және банкроттық рәсімдеріне қатысты кеңес алуға сұраныс жоғары.
Жиынның тағы бір өзекті тақырыбы — пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі болды. 2022-2025 жылдар аралығында Қызылорда қаласы бойынша жалпы көлемі 16 434,24 гектарды құрайтын 135 жер учаскесі мемлекеттік жер қорына қайтарылды. Президенттің Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес, бұл жерлерді 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін қайта айналымға енгізу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 1 811,7 гектар жер пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 39 жер учаскесі бойынша конкурс ұйымдастыру жоспарланған. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың мұқтаждығы үшін 6 250 гектар алқап мал жайылымы ретінде белгіленді.
Фракция мүшелері партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында биыл жоспарланған 79 іс-шараның орындалуы тұрақты бақылауда екенін жеткізді. Кездесу соңында депутаттар «Магистралды желі» ұйымының мүшелерімен пікір алмасып, айтылған ұсыныстар мен өзекті мәселелерді алдағы жұмыс жоспарларына енгізетіндіктерін атап өтті.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *