Алматы-Гонконг: Халықаралық жаңа рейс ашылады
Алматы мен Гонконг арасында алғаш рет тікелей әуе рейсі ашылады,- деп хабарлайды fastnews.kz ақпараттық сайты.
Қазақстан мен Гонконг арасындағы әуе қатынасы жаңа деңгейге көтерілмек. ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, 2027 жылдың бірінші тоқсанынан бастап Алматы – Гонконг бағыты бойынша тікелей рейстер іске қосылады.
Жаңа бағытқа Гонконгтың жетекші әуе тасымалдаушысы Cathay Pacific қызмет көрсетеді. Компанияның жоспарына сәйкес, рейстер Airbus A330-300 кең фюзеляжды ұшақтарымен аптасына үш рет орындалады.
Бұл бағыт Қазақстан мен Гонконг арасындағы алғашқы әрі әзірге жалғыз тікелей әуе байланысы болмақ. Жаңа рейс екі өңір арасындағы туристік, іскерлік және экономикалық байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Cathay Pacific – Гонконгтың ұлттық әуе компаниясы. Әуе тасымалдаушысы әлемнің 200-ден астам бағыты бойынша жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асырады.

Фото: Ашық дереккөз












