Сыр елінде Ерқанат Сәрсенбайұлын еске алуға арналған футбол турнирі өтіп жатыр
Бүгін Қызылорда қаласында белгілі журналист, тәжірибелі қаламгер Ерқанат Сәрсенбайұлын еске алуға арналған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасындағы шағын футбол турнирі басталды.
Аймақта алғаш рет ұйымдастырылып отырған спорттық шараның негізгі мақсаты – ақпарат саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Ерқанат Сәрсенбайұлының есімін ұлықтау, оның еңбек жолын жас буынға үлгі ету, сондай-ақ журналистер арасында салауатты өмір салтын насихаттап, әріптестік пен достық қарым-қатынасты нығайту.

Фото: Нұрболат Нұржаубай
Ерқанат Сәрсенбайұлы саналы ғұмырын баспасөз қызметі мен телевизия саласына арнап, мемлекеттік қызметте де абыройлы еңбек етті. Ол ақпарат кеңістігінде кәсіби біліктілігімен, азаматтық ұстанымымен ерекшеленіп, соңында өшпес із қалдырды.
Турнирдің ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Асылбек Нұрмағанбетов, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат Шаханова, «Сыр медиа» ЖШС-нің директоры Марат Аралбаев, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев және Ерқанат Сәрсенбайұлының анасы қатысты. Олар жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, турнирдің маңыздылығына тоқталды.

Фото: Нұрболат Нұржаубай
Іс-шара барысында облыс әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат Шаханова аймақ басшысының арнайы құттықтауын жеткізіп, тағайындалған қаржылай сый-қорды Ерқанат Сәрсенбайұлының анасына табыстады.

Фото: Нұрболат Нұржаубай
Аталған турнирге жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік мекемелерден жасақталған алты команда қатысып, өзара бақ сынауда.

Фото: Нұрболат Нұржаубай
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тағылымды шаралар әріптестер арасындағы ынтымақтастықты арттырып қана қоймай, сала ардақтыларының есімін ұрпақ жадында жаңғыртуға мүмкіндік береді.












