Сыр елі: Президент атынан өңірлік журналистика өкілдеріне үй берілді
Кеше Ақорда төрінде Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаған Мемлекет басшысы журналистерді қолдауға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән берілетінін айтқан еді.
Кейінгі үш жылда Астана қаласында ғана 200 журналист баспаналы болса, енді бұл бастаманың ауқымы кеңейді. Президент тапсырмасымен биыл алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін ақпарат саласының 66 қызметкеріне пәтер кілті берілді.

Бүгін мереке қарсаңында аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлы ақпарат саласының өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдің оң имиджін қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген журналистердің еңбегіне жоғары баға берді.
Салтанатты шарада «Сыр медиа» серіктестігі директорының орынбасары Әзиз Батырбековке және «Қызылорда» телеарнасының телеоператоры Рамазан Жүсіпбекке пәтер кілттері табысталды.

Сондай-ақ, «Qyzylorda» телеарнасы директорының орынбасары Айсұлу Қасымова «Құрмет» орденімен, журналист Үйтолған Жәрекеева «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды.

Сондай-ақ өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатар қызметкері түрлі номинациялармен марапатталып, олардың кәсіби еңбегі лайықты бағасын алды.













