Бұл жайлы Астанада өткен Ветеринариялық қызмет пен мал шаруашылығы саласы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты іс-шарада айтылды.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің атынан қатысушыларды Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин құттықтады.

«Мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығының негізгі салаларының бірі және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет алдағы бес жылға арналған мал шаруашылығы мен ветеринарияны дамытудың Кешенді жоспарларын бекітті. Олар саланы сапалы жаңғыртудың, оның тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізі болады», — деді вице-премьер.

Үкімет қолжетімді қаржыландыруға ерекше назар аударуда. Тек биылдың өзінде мал шаруашылығын жеңілдікпен ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді несиелеу бағдарламаларына 300 млрд теңге бөлінді. Мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары өндіріс көлемін арттыруға, өнімділікті көтеруге және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік береді.

«Үкімет бұдан әрі де заманауи технологияларды енгізуге, экспорттық әлеуетті дамытуға, өткізу нарықтарын кеңейтуге және ауыл еңбеккерлерінің әл-ауқатын арттыруға қажетті жағдай жасай береді», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

«Биыл біз екі саланың мамандарын бірге құрметтеп отырмыз, бұл – символдық мәнге ие. Себебі қазіргі мал шаруашылығы мен мықты ветеринариялық қызмет бір-бірінен ажырамайды. Сіздер бірге Қазақстан экономикасының ең маңызды салаларының бірін қалыптастырып отырсыздар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,8 трлн теңгеге жетіп, 3,3%-ға өсті. 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар саланы сапалы жаңғыртуды, өндіріс көлемін арттыруды және мемлекеттік қолдаудың тиімділігін көтеруді көздейді. Биыл бұл салаға 300 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды», — деді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында асыл тұқымды мал сатып алуға, айналым қаражатын толықтыруға және жайылым инфрақұрылымын дамытуға бағытталған «Игілік», «Береке» және «Жайлау» атты жаңа жеңілдетілген несиелік өнімдер іске қосылды.

Өнімділікті арттыру мақсатында заманауи көбейту технологияларын қолдауға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары күшейтіліп, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға ынталандырулар енгізілуде.

Ветеринарияны дамыту жөніндегі 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында ветеринариялық инфрақұрылым нысандарын салу және жаңғыртуға, зертханаларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге, арнайы көліктерді жаңартуға және материалдық-техникалық базаны нығайтуға 66 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ салалық мамандардың жалақысын арттыруға және кадрлық әлеуетті дамытуға 22 млрд теңге бағытталады.

Салтанатты рәсім мемлекеттік және ведомстволық марапаттарды табыстаумен аяқталды.

#Ауыл шаруашылығы #Президенттің тапсырмасы #Серік Жұманғарин

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *