Тәжікстанда қара хиджабқа тыйым салынып, сақалдыларға бақылау күшейді
Тәжікстан билігі ұлттық дәстүрге сәйкес келмейді деп есептелетін киімдер мен сыртқы келбет атрибуттарын шектеуге бағытталған шараларды жалғастырып жатыр.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, «тәжік мәдениетіне жат» деп танылған киімдерді киюге және елге әкелуге тыйым салуға ерекше назар аударылуда.
Ең алдымен, бұл қара хиджабтар мен араб киімдерінің кейбір түрлеріне қатысты. Жергілікті билік өкілдері қалалар мен ауылдық аймақтарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әйелдерді дәстүрлі тәжіктің ұлттық киімдерін таңдауға шақыруда.
Сонымен қатар, БАҚ мәліметінше, құқық қорғау органдары сақал қойған ер адамдарға бақылауды күшейткен. Билік мұндай сақалдарды діни экстремизммен байланыстырады. Тексеру жүргізіліп, әкімшілік шара қолданылып жатқаны белгілі болды.
Ресми түрде мұндай әрекеттер діни радикализм мен экстремизмге қарсы күрес қажеттілігімен түсіндіріледі. Киім мен сыртқы келбеттің жекелеген элементтерін шектеу саясаты Тәжікстанда бірнеше жылдан бері ұлттық мәдениетті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында жүргізіліп келеді.
Фото: Шетелдік БАҚ












