Сыр елі: Жаңақорған ауданында тағылымы мол кеш өтті
Қызылорда облысындағы Жаңақорған аудандық «Руханият» орталығында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің запастағы полковнигі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, ақын, жазушы, журналист Базарбай Исаевтың 85 жылдығына арналған «Сөз бен сарбаз рухын тоғыстырған тұлға» атты облыстық арнау айтушылар байқауы мен «Боздаланың бұлбұлы» атты аудандық ақындар мүшайрасы өтті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Шара барысында қатысушылар Базарбай Исаевқа арналған төл шығармаларын орындап, суырыпсалмалық өнерлерін танытса, аудандық мүшайрада жас ақындар өз туындыларын оқып, шығармашылық шеберліктерін көрсетті. Сонымен қатар көрермен назарына тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм ұсынылды.

Руханиятты ұлықтаған тағылымды басқосу соңында жеңімпаздар марапатталып, Базарбай Исаевтың шығармашылық мұрасын насихаттауға үлес қосқан барлық қатысушыларға алғыс білдірілді.

Фото: Жаңақорған аудандық әкімдігі












