Қызылордадағы Тасбөгет кентінің көшелері жаңарып жатыр
Сырдың бас шаһары — Қызылордада 23,6 млрд теңгеге қала және қалаға қарасты кенттер мен ауылдық округтегі 70 көше қайта жаңғыртылып, күрделі және орташа жөндеуден өтуде. Соның бірі – Тасбөгет кентінде жүріп жатқан жол инфрақұрылымы жобалары, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

– Бір жобада 5 көшені қайта жаңғырту қарастырылған. Атап айтсақ, құрылыс Н.Назарбаев даңғылынан бастап Ш.Есенов көшесіне дейін жалғасады. Сондай-ақ гидротоспаға қарай, яғни А.Иманов көшесі де осы жобаға кіреді. Бұған қоса Бозғұл-1 мен Наурыз көшелерінде де жөндеу жүріп жатыр. Бір айта кететін жайт, мұндағы басты көшелерге жаяу жүргіншілер жолы қосымша салынуда. Аяқсу арнасы және жарық шамдарын орнату да қарастырылған. Төрт жолақты жолдың құрылысын «Автомобиль жолдары басқармасы» ЖШС жүргізіп жатыр, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айдын Әнуар.

Кенттегі 5,5 шақырым жол құрылысына бюджеттен 4 млрд 713 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Құрылыс наурыз айында басталған, осы тамыз айында аяқталуы тиіс. Қазірдің өзінде жолдың біткен бөліктеріне көлікке арналған жол бөлу сызықтарын сызу аяқталған.

Айта кетейік, облыс аумағында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 3525 шақырым. Оның 1025 шақырымы – республикалық, 555 шақырымы – облыстық, 1945 шақырымы – аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.

Фото: Қала әкімдігі












