Ағайынды алты егіз мерзімді әскери қызметін бірге өткеріп жүр
Ең қызығы әскери қызмет 6 жұп егіз ағайындыларды бір гарнизонда тоғыстырған. Бұл Қазақстан армиясында сирек кездесетін жағдай.
Бір гарнизонда бір мезетте 6 жұп егіз ағайынды, яғни 12 сарбаз бірге мерзімді әскери қызметтерін атқарып жатыр. Мұндай оқиға тіпті Қарулы күштер ауқымында да өте сирек кездесетін жайт.
Бірге қызмет етіп, бірге жүру ағайынды жігіттер үшін үлкен қолдау екені сөзсіз. Гвардиялық гарнизондағы әскери бөлімдерде қызмет етіп жүрген егіздердің айтуынша, бауырлардың бірге болуы моральдық тұрғыдан әлдеқайда жеңіл. Сонымен қатар бұл үлкен жауапкершілік те жүктейді.
Бауырлар бірге жүргенде жаңа ортаға тез бейімделеді, ұжымға оңай сіңіседі, әскери дайындықтан да сенімді өтеді, күнделікті қиындықтарды бірге еңсереді. Сонымен қатар әр егіз жұп түрлі әскери мамандықтарды игеріп жатыр екен.
Мысалы, Түркістан облысынан келген Қонысбай мен Құттыбай Жұмабековтер 30212 әскери бөлімінде БМП-2 жаяу әскер жауынгерлік машинасының «нысанашы-операторы» мамандығын меңгеруде. Олардың айтуынша, бірге қызмет ету жаңа кәсіпті тез үйренуге және оқу-жаттығу тапсырмаларын сенімді орындауға көмектеседі.
Алматы қаласынан келген Нұрбол мен Айбол Ұлдахан 30212 әскери бөлімінің автомобиль ротасында КамАЗ көлігінің жүргізуші-механиігі болып қызмет атқарады. Әскерге дейін олардың мамандықтары әртүрлі болған екен. Олардың бірі – сәулетші, екіншісі – педагог-журналист мамандығын оқыған. Қазір екеуін біріктіретін ортақ мақсат — Отан алдындағы борышты абыроймен өтеу.
Түркістан облысының Түлкібас ауданынан келген Арсений мен Александр Зайцевтер 21450 әскери бөлімінде қызмет етеді. Бірі пулеметші, екіншісі гранатометші мамандығын игеріп жүр. Олардың тек сырт келбеті ғана емес, көзқарастары мен қызығушылықтары да ұқсас. Олар қазақы ортада өскендіктен қазақ тілін еркін меңгерген.
Фото: ашық дереккөз












