Қызылордада облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте «Отандық тауарларды қолдау және ілгерілету» мәселесі қаралды. Аталған жиыннан кейін Жаңақорған ауданының әкімі Ғалымжан Жарқынбектің төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Жиында аудан әкімі отандық өнімдерді тұтынуды арттыру, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге басымдық беру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Бүгінде аудан орталығындағы 17 сауда орнында иелерінің келісімімен арнайы сөрелер ұйымдастырылып, ауданда өндірілген өнімдерді сату жолға қойылған. Алайда аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың әлі де жеткілікті деңгейде жүргізілмей отырғанын атап өтіп, жауапты сала басшыларына жұмысты жандандыруды тапсырды.
Мәжілісте «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы да сараланды. Биыл жоба аясында жалпы құны 879 млн теңгені құрайтын 93 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін жалпы құны 270 млн теңгені құрайтын 25 жобаның өтінімі жолданған. Аудан әкімі жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдаланып, тұрғындардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді.
Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру барысы қаралды. Қазіргі таңда Жаңақорған кентіндегі 13 сауда үйімен меморандум жасалып, онда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 10 пайыздан асырмау көзделген. Аудан басшысы меморандум талаптарының қатаң сақталуын, сондай-ақ сауда орындарында белгіленген шекті үстемеақының сақталуына күнделікті мониторинг жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар, елді мекендердің санитарлық тазалығы, Конго-Қырым қанды қызбасының алдын алу шараларын күшейту мәселелері қаралды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі барлық берілген тапсырмалардың сапалы әрі мерзімінде орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті.
Фото: Жаңақорған ауданы әкімдігі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *