Қызылорда облысының Арал өңірінде дипломаттар, экологиялық ұйымдардың өкілдері мен жергілікті жастардың басын қосқан ауқымды халықаралық миссия өз жұмысын аяқтады. Делегация құрамында Қазақстандағы Франция Елшісі Сильвен Гиоге, ХАҚҚ Атқарушы комитетінің төрағасы Асхат Оразбай, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Рашид Мустафа Сарвар, Француз даму агенттігінің (AFD) Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Эрве Калленс, ХАҚҚ Атқарушы дирекциясының директоры Серік Мұқатаев және облыс әкімдігінің өкілдері болды. Мәртебелі меймандар өңірдегі негізгі білім беру ұйымдарын аралап, олардың жұмысымен танысты.

Сапардың басты мақсаты — Су ресурстары жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы жүзеге асырып жатқан «Су және білім» ауқымды жобасының нәтижелерін бағалау. Бұл бастама ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен іске асырылуда. Жобаны ЮНИСЕФ пен AFD қаржыландырады, ал оған Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) қатысады.

Миссия өкілдері ең алдымен Абай атындағы мектепке барды. Білім ордасында дипломаттар мен халықаралық сарапшылар пилоттық және магниттік мектеп оқушыларының экологиялық жобаларымен танысты. Оқушылар ЮНИСЕФ еріктілерімен бірге табиғатқа ұқыпты қарауға бағытталған әлеуметтік және экологиялық бастамаларын таныстырды.

Мектеп аумағында аллеяның негізін қалау сапардың қызықты сәттерінің бірі болды. Оған қонақтармен бірге мектеп түлектері де қатысты. Ағаш отырғызу кезінде тамшылатып суару жүйесі қолданылды. Бұл — Арал өңірінің құрғақ аумақтарын тұрақты көгалдандыруға мүмкіндік беретін негізгі технологиялардың бірі.

Делегация Арал қаласындағы №64 мектепке де барды. Мұнда шамамен 400 бала білім алады. Оқу ордасы өңірде су үнемдеу әдістерін қолдану бойынша көш бастап, өзге мектептерге үлгі көрсетіп келеді.

Аралға сапар аясындағы шаралар:

  • Технологиялардың таныстырылымы: Оқушылар дипломаттарға тамшылатып суару жүйесінің жұмысын өздері көрсетіп, күнделікті өмірде суды қалай үнемдейтіндерін айтып берді.
  • Жылыжайдағы күздік егіс: Миссия мүшелері мектеп оқушыларымен бірге балалардың тамақтану рационын толықтыру үшін мектеп жылыжайында қияр отырғызды.
  • Дәстүрлер мен тілектер: Мәртебелі меймандарды өңір ақсақалдары қарсы алды. Олар жобаның одан әрі дамуына батасын беріп, Арал өңіріндегі отбасылар арасында су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға қосқан үлесі үшін ЮНИСЕФ, AFD, Франция Елшілігі мен ХАҚҚ өкілдеріне алғысын білдірді.

Заманауи экологиялық білімді мектеп бағдарламасына енгізу қоғамның табиғи ресурстарды қорғауға деген көзқарасын өзгерте алады. «Су және білім» бастамасы — соған дәлел. Бұл жобаның арқасында оқу ордалары су ресурстарын ұқыпты пайдалануға бағытталған халықаралық экологиялық бастамалардың орталықтарына айналып жатыр.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *